8.10.2020, 11:56
Оқылды: 54

Ауылдың ақсақалы мен ақжаулықтысына құрмет

Қариялар күнінде Бөкей ордасына ауданына қарасты әрбір ауылдық округте дариядай болған үлкендеріміз ардақталды.

Karia (1)

Жылдағы дәстүрмен әңгімесі өнеге болар ақсақалдарымыз бен ақжаулықты әжелеріміз дастархан басында бас қоспағанмен, көңілдері елеусіз қалмады. Бәрін бірдей тізбектемей, тек бірқатарына тоқтала кетсек. Орда ауылдық округінің басшылығы мен өнерпаздары ауыл үлкендеріне арнайы барып, ән-күйлерінен шашу шашып, мерекемен құттықтап кетсе, сайқындықтар тек құттықтап қана қоймай мұқтаждарына қолқабыс жасаған. Мәселен, бірі ауласын жөндеп берсе, бірі әктеу жұмыстарын атқарған. Ал жәрмеңкелік ағайын бір қарияның үйіне түсқағаз жабыстырып берген. Ұялыдағы «Тұмар» келіндер клубының мүшелері тәттілерін дайындап, ауылдағы ардагерлеріне тарту еткен.

Karia (2)

Сонымен қатар келіндер тоқсанның төрінен асқан Қатима әжейдің шаңырағына барып, кейуана өмір жолымен танысып, келін мен ене жарастығына куә боп қайтқан. Хан ордасы музей-қорығы «Қарттарым – асыл қазынам» атты онлайн іс-шарасын әлеуметтік желі арқылы таратса, жекелеген мекеме ұжымдары, жастар қордаланып қалған қоқыстарды шығаруға жәрдемдесті. Не керек, осы бір айтулы күні ауылдағы бар ағайын қолдарынан келгенше үлкендердің кәдесіне жарауға тырысты. Тек бұл құрмет бір күнмен шектелмесе игі.

Р.Аппақова,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале