5.08.2021, 15:25
Оқылды: 150

Ауылдың әлеуетін көтеру – басты назарда

Өткен аптада Ақжайық ауданына келген облыс әкімі Ғали Есқалиев жұмыс сапарын қарауылтөбелік «Ихсан» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен танысудан бастады. Облыс басшысымен бірге оның орынбасары Темірхан Меңдіғалиев және аудан әкімі Қалияр Аймұхамбетов та болды.

IMG_4844

Иесі Дәурен Ихсанов болып табылатын қожалық ірі қара, жылқы, қой-ешкі өсірумен айналысады. 2017 жылдан бастап асыл тұқымды ірі қараға бет бұрып, қазақтың ақбас тұқымды малының басын көбейтуде. Жайылым басында болып, иеліктегі түлеген тірлікке риза болған Ғали Нәжімеденұлы: «Сіздер секілді жастар – еліміздің тірегі, шаруаң алға баса берсін» деген тілегін жеткізді. Айта кетейік, Дәурен Ғиззатұлы ауылдың талай игі істеріне сүбелі үлесін қосып жүр. Саябақтың қоршауының жаңартылуына қаржылай демеу көрсетсе, Құрбан айт мерекесінде жағдайы төмен отбасыларына тегін ет үйлестіреді. Қазіргі уақытта қарауылтөбелік бірқатар кәсіпкерлермен бірге мешіт құрылысын бастап кетті.

Осыдан кейін өңір басшысы Базартөбе ауылдық округіне ат басын тіреді. Мұнда ол дәрігерлік амбулаториядағы ұжыммен жүздесіп, апатты жағдайдағы ғимаратты аралап шықты. 1967 жылы салынған амбулатория осыған дейін күрделі жөндеу көрмеген. Биыл осыған байланысты модульді амбулаторияның құрылысы басталады. Оған 170 млн. теңге қаржы бөлінген. Осы айдың аяғына дейін мердігерлер анықталып, жыл соңына қарай пайдалауға беріледі деп күтілуде. Қазіргі уақытта бұл амбулаторияда 1 дәрігер, 7 медбике қызмет етуде.

Осында облыс басшысы 1976 жылы пайдалануға берілген 480 орындық Базартөбе орта мектебін аралап, ауыл ақсақалдарымен жүздесті. Еңбек ардагері Мардан Хайруллин «Мектепке күрделі жөндеу қажет, соған ықпал етсеңіз» деп сауал тастаса, ауыл ақсақалы Қадырбек Қарағұлов жыл сайын арнасы тарылған Жайықтың жайын, Азнабай-Тайпақ суландыру жүйесін қалпына келтіру жөнінде ойларын ортаға салды.

– Қазіргі уақытта шағын орталықтың балаларын қосқанда, бұл мектепте 250 оқушы оқиды екен. Жобаны дұрыстап қарап шығуды аудан әкіміне тапсырдым. Асхана, спорт залы, жиһаздардан қаражатты аямауымыз керек. Басы артық шығындарды алып тастап, нақты керегін ғана құжатқа енгізу қажет. Өйткені облыста күрделі жөндеуді қажет ететін осындай 350 мектеп бар, соған тек 2 млрд. теңге бөлінді, бәріне ақша жетпейді. Күрделі жөндеуден өткізуге негіз болатын құжат неғұрлым нақты дәйек-дәлелдермен салмақтанса, соғұрлым қаражат бөлу де жеңіл болмақ. Индер-Барбастау жолына келер болсақ, биыл Теректі ауданындағы Шағатай ауылынан бастап оның 50 шақырымы жөнделуде. Бұл жұмыс әлі де жалғасын табады. Биыл облыс көлеміндегі 2 каналмен бірге Азнабай-Тайпақ суландыру жүйесін қалпына келтіруді бастадық, келесі жылы күзге дейін бітеді. Осы екі үлкен жобамызды іске асырсақ, ауылдағы халықтың жағдайы біршама түзеледі деп ойлаймын, – деді облыс әкімі.

IMG_4888

Әрмен қарай Алмалы ауылдық округіне қарасты Атамекен ауылы тұсынан жол жиегінде жаңадан салынған «Атамекен қарбыздары» атты ашық базармен танысқан облыс әкімі алдағы уақытта оның ауқымын кеңейту керектігіне көңіл аударды. Биыл ауданда 60 шаруа қожалығы 890 гектар алқапта картоп, көкөніс және бау-бақша өнімдерін өсіріп отыр. Аудандағы барлық егістіктің 70 пайызы осы Алмалы ауылдық округі аймағында. Соның ішінде Тайпақ қарбыздары өңір тұрғындарының кең сұранысына ие.

Алмалылық «Жігер» шаруа қожалығы төрт түлікті түлетумен қатар қарбыз өсірумен де айналысады. Жетекшісі Ерболат Өтешов қазіргі уақытта 8 адамды жұмыспен қамтып отыр. 30 гектар жерге еккен қарбыздың әр гектарынан 40 тонна өнім алынады деп күтілуде. Бақша басында болған облыс басшысы шаруаның қажырлы еңбегіне жеміс тіледі.

Ауданымыздағы сапарының соңында Ғали Есқалиев Мерген ауылдық округіне қарасты Мойылды ауылына жүргізілген су құбырының құрылысымен танысты. Мамыр айында басталған жұмыстың мердігері – «QazConstruction» ЖШС. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаржыландырылған жоба құны 165,3 млн. теңге. Су құбырының жалпы ұзындығы 3,4 шақырым. «Су құбыры ауыл ішіне түгелдей тартылды. Сорғы стансасы ғана қалды. Негізі құрылыстың аяқталу уақыты желтоқсан болғанмен, қыркүйек айына таман тапсырамыз», – дейді мердігер Бекжан Райымбеков.

– Бұрындары жақын маңдағы көлден тасығанбыз, соңғы уақытта Чапаев ауылынан суды арнайы көлікпен сатып алып отырдық. Ол 15 күнге, ең көп дегенде бір айға жететін. Енді, міне, биыл ауылымызға таза ауыз су келеді. Қуанышымызда шек жоқ, алғысымыз зор, – деді ауылдың байырғы тұрғыны, қоғамдық бақылаушы Болат Бисалиев.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев мердігерлерге құрылысты уақтылы және сапалы аяқтауды тапсырды.

Аида Асылбек,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале