17.05.2024, 12:34
Оқылды: 128

Ауылдың мерейтойы – елдің мерейі

Тасқала – Аққурай тас жолының бойында орналасқан табиғаты тамаша Амангелді ауылының құрылғанына биыл 55 жыл толды. Бұл – ауданымыздағы ең жас округтің бірі. Амангелді кеңшары 1969 жылы наурыз айында 1-Шежін ауылының солтүстігіне қарай үш шақырым қашықтықтағы тың жерден қазығы қағылып, жаңадан бой көтерген. Оған азамат соғысының батыры Амангелді Имановтың аты берілді.

IMG_4788

Сол кездегі кеңшардың жер көлемі 73 993 гектар болса, оның ішінде егістік – 22 980, жайылым – 49 871 гектар. Қосалқы шаруашылығы мен мал басына келетін болсақ, ірі қара – 2387, қой – 11 775, жылқы 261 басты құрады. Сол кезде кеңшарда 130 трактор, 62 комбайн, 60 машина болды. Оның ең алғашқы директоры болып 1969 жылы П.Н. Чернояров тағайындалып, ол 1987 жылға дейін еселі еңбек етті. 1987 жылдан бастап басшылық қызметке В.Н. Федосов келіп, ол 2002 жылға дейін қызмет атқарды. Одан бөлек 1972-73 жылдары Шәріп Сәнкібаев, 1973-1979 жылдары Кеңес Бекмолдин, 1979-1993 жылдары Әсет Жұбанышқалиев, 1993-1999 жылдар аралығында Сейітқали Жуминов ауылдық кеңестің төрағасы болып, елдің дамуына сүбелі үлес қосса, кейін ауыл әкімдері Қайсар Ділимов, Асланбек Жұмағалиев, Жәрдемғали Балықов, Нұрлан Қойшығалиев, Айдар Хайыров, Хасан Жексенов, Қазбек Жұмагереев, Саягүл Ғалиева Амангелді ауылына басшылық жасап, оның гүлденуіне атсалысты.

IMG_4800

Қазіргі таңда мұнда жаңадан келген жас әкім Әсет Хайыршақов аға-апаларының жолын жалғап, қызмет етуде. Кеңшарда 1971 жылы ауылдық кітапхана ашылды. 1975 жылы газ компрессорлық станциясы құрылып, ол негізгі жұмысын 1977 жылдан бастады. Станция екі бағытқа газ айдау жұмысымен айналысты. Дәлірек айтсақ, газ «Союз-3» – Батыс Европаға, соның ішінде Италия мен «Орынбор-Новопсков» бағытына айдалды. 1977 жылы «Қайнар» ауыл комсомолы жастар бригадасы, 1978 жылы «Рассвет» құрылыс бригадасы құрылды. 1979 жылы «Тың көтерілуіне ХХV жыл» атты комсомол жастар трактор бригадасы құрылды. 1977 жылы ауылдық мәдениет үйі салынып, екі жылдан соң, 1979 жылы фельдшерлік-амбулаториялық пункт пайдалануға берілді. 1982 жылы Амангелді орта мектебі ашылды. 1997 жылы бұрынғы «Амангелді» астық өсіру кеңшарында әртүрлі меншіктегі үш серіктестік, 18 шаруа қожалығы құрылды. Бұрынғы 1-Шежін, қазіргі Амангелді ауылдық округінен Кеңес Одағының Батыры Анатолий Маркович Скоробогатов шықты, ал Мүбина Дарақұлқызы Әбдуғалиева Социалистік Еңбек Ері атанды. «Амангелді» кеңшарының гүлденіп, көркеюіне бар күш жігерін салып еңбек еткен азаматтар қатарында «Еңбек даңқы» орденінің иегері Төлеген Сапенов, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері Ару Ибраев, сондай-ақ Бисенқұл Қожамұратов пен Қайыржан Шолақов, «Еңбек даңқы» орденінің иегері Тельман Маширов, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Тамара Ахметжанова, география ғылымының докторы Сәкен Дәулетқалиевтің есімін ерекше атап өтуге болады. Мерекелік іс-шара Жеңіс күнімен тұспа-тұс келгендіктен, ауыл қариясы Т. Маширов пен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е. Төлеуішев бастаған бір топ азамат Ұлы Отан соғысының батыры С. Жақсығұловтың басына барып, Құран бағыштап, марқұмды еске алды. Соғыстан оралмаған боздақтардың рухына тағзым етті.

IMG_4802

Аталмыш мерекені амангелділік ағайын жоғары деңгейде атап өтті. Таң қылаң бере оянған тұрғындар көше-көше болып ауыл жанына киіз үй тігіп, қазан көтерді. Дастарқан жайып, келген қонақтарға құрмет көрсетті. Бұл күні ауылдың еңкейген кәрісінен бастап еңбектеген баласына дейін осы жерден табылды. Бәрі де асқан ұйымшылдықпен қызу дайындыққа кіріскен. Алыстан менмұндалаған ақшаңқан киіз үйлер мен түтіні будақтаған ошақтар жолжөнекей өткендерді еріксіз өзіне тартады. Киіз үй жанында қамзолын киіп, орамалын тартып, ұршығын иіріп, ән салып отырған аналарды көргенде әдемі көрініске тамсана қарап, көкейімізде «Шіркін, осындай керемет күндеріміз көп болғай» деген тілек қана тұрды. Одан бөлек тұрғындар ауыл шаруашылығынан сыр шертетін көрме де ұйымдастырған. Әсіресе, «Бесауыл» тұрғындарының ауызбіршілігін айтып жеткізу мүмкін емес. Ұлттық киімдерін киіп, 16 қанат киіз үйі мен алтыбақанын құрып, әндерін айтып, қонақтарын күтіп алды. Тек бұл күні емес, бесауылдықтар өз көшелерінде жиналып, Наурыз тойын тойлаған халық. «Менікі, сенікі» деген жоқ. Қариялары батасын беріп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, ұйымшылдықпен мерекені атап өтті. Салтанатты жиынға аудан әкімінің орынбасары Саягүл Ғалиева, аудандық мәслихат төрағасы Жанар Бисенғалиева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәрдемғали Балықов, «AMANAT» партиясы Тасқала аудандық филиалының төрағасы Люция Жұбанышқалиева арнайы қатысты.

IMG_4922

Алдымен сөз алған Саягүл Мәулетқызы амангелділік ағайынды айтулы мерекемен құттықтап, аудан әкімі Талғат Шакировтың ыстық сәлемін жеткізді. Одан әрі Амангелді ауылының бір топ еңбек ардагеріне алғыс хаттар табыс етті. Әншілер әннен шашу шашты. Салтанатты іс-шарадан соң қонақтар дала қызығын тамашалады. Қол күресі бойынша сынға түскен ерлер арасында Анарбек Ислямғалиев жүлделі бірінші орынды жеңіп алса, Нұрбейбіт Шолақов пен Темірлан Қабдешов 2-3-орындарды өзара бөлісті. Қыздар арасында Магира Төлеуішеваға жететін жан болмады. Ол жүлделі бірінші орынды жеңіп алса, 2-орын Айжан Қожағалиеваға, 3-орын Гүлдана Қазжановаға бұйырды. Бұдан бөлек ауыл тұрғындары арқан тартысып, аударыспақ ойнап, күш сынасса, оқушылар бозкілемде белдесіп, мықтылығын көрсетті. Қой көтеріп жарысқандар да болды. Іс-шара төрт шақырым қашықтықта 1,6 мен 2 жасқа дейінгі ауыл тайларының жарысымен жалғасты. Осылайша тұрғындар есінде қалатын мерекелік іс-шара өз мәресіне жетті.

– Бүгін ауа райының қолайсыздығына қарамастан керемет ұйымдастырылған іс-шараның куәсі болдық. Көптен бері ұйымдастырылып тұрған үлкен іс-шара болғасын ба, халықтың да көңіл күйі көтеріңкі. Тойымыз ұзағынан болсын. Біздің ізімізді жалғастырар жастарымыз аман болсын. Осы ауыл құрылғанда бірінші қазығын қаққандар қатарындамын. Содан бері еселі еңбек етіп, осы жерде механизатор болып, зейнет демалысына шыққанша біраз жыл еңбек еттім. Еш өкінбеймін. Осы ауыл үшін қаншама адам маңдай терін төгіп, қызмет қылды. Әрине, оны кейінгі ұрпақ ұмытпауы керек. Бастысы, еліміз тыныш, халқымыз аман болғай! – дейді амангелділік Ару Ибраев ақсақал.

Назгүл Серікқызы,

Тасқала ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале