15.02.2024, 22:13
Оқылды: 8

Ауылдың жайы әрдайым назарда

Шыңғырлау ауданы әкімі Мұрат Өмірәлиевтің ауылдық округ тұрғындарымен кездесуі жалғасуда. Осы бағыттағы сапар Алмаз, Ақшат, Қарағаш ауылдық округтерінде де жүзеге асты.

WhatsApp Image 2024-02-14 at 13.03.22 (1)

Алмаз ауылында тұрғындар алдында округ әкімі Самат Бахтыгереев өткен жылғы атқарылған жұмыстар тұрғысында баяндады. Ауылдардағы қазіргі жағдайлар қалыпты. Қыстақтар жақсы өтіп жатыр. Округте 4 адам жұмысқа орналастырып, 3 тұрғынға материалдық көмек берілген. 30 ш/қ, 3- ауылшаруашылық өндірістік кооперативі, 4 ЖШС-гі, 6 – жеке кәсіпкерлік жұмыс жасап тұр.

Аудан басшысы жасалған жұмыстарды атап өтіп, кездесудің ашық форматта өтуін, тұрғындарды мазалап жүрген мәселелерді ашық ортаға салуын қалайтынын жеткізді. Кешегі ақпанның ақ боранының біраз қиындықтар туғызып, ауылдардың жарықсыз, жолсыз қалғанын айта келе, мұндай төтенше жағдайды халық болып, бірлесе көтеріп алып, шыдамдылық танытқан көпшілікке алғысын арнады. Ат құлағы көрінбейтін ақтүтекте Кеңес дәуірінен келе жатқан электр сымдары үзіліп, электр станциясы жәшіктері қарға толып, мұзға оранған шақта да ауыл азаматтары Еламан Құлбатыров, округ әкімі Самат Бахтыгереев үзілген сымдарды жалғап, мұзға оранған станция жәшіктерін тазалап, электр желілерін қуаттың қосылуына дайын ұстаған. Мұндай жұмыстарды ақтүтек боранмен алыса жүріп Сегізсай, Аққұдық ауылдарына баратын желілерде де жасап отырған. Ауыл халқы бұл еңбекті жоғары бағалап, алғыс айтып отыр.

WhatsApp Image 2024-02-14 at 13.03.22

Ақшаттағы мәселенің бастысы «Қазпошта» АҚ арқылы қойылған банкоматтың қайта әкетілгендігі болды. Оның алынып тасталуына басты себеп - банкомат бойынша ақша операцияларының аздығы. Айлық лимит 17 млн тг ақша айналымы болуы тиіс екен талап бойынша, алайда мұндай ақша айналымы болмағаннан кейін, банкомат қайта әкетілген. Тұрғындар, әсіресе зейнеткерлер жағы бұл жағдайдың дұрыс болмағанын, ақша алу үшін ауданға, қалаға барудың жиілегенін, мұның тағы да жолақы, жол бейнеті сияқты қиындығын айтып отыр. Ал, Ақшат ауыл маңайында жақын орналасқа тағы екі округтің ортасында, яғни басқа ауылдардан да келіп ақша алып тұрушылар бар.

Бұл мәселе бойынша аудан басшысы аудандық «Қазпошта» басшысына жағдайды шұғыл реттеу туралы тапсырмалар берді.

Жол қиындығы үш округте де өзекті. Ақпанның кешегі бораны барлық ауылдың жолын бітеп, жол аршуға келген техникалардың өзіне бой бермей қойған. Осындай жағдайда ауылдарға ауыр техника қажеттігі де айтылып жатты. Егер, ауылға жол аршитын ауыр техника берілсе, жүргізетін адам да табар едік дейді ауылдықтар. Бұл мәселе әрине, жаңа техникалар алумен шешіледі. Былтыр аудан бір жол тегістейтін ауыр техника алған. Қазыр ол жол үстінде жүр, алдағы уақытта тағы осындай техникалар алу жоспарланып тұр. Қарағаш ауылында, басқа ауылдық округтердегідей қыстақ жайы қалыпты.

Аудан әкімі ауыл тұрғындарынан түскен ұсыныстарды тыңдап, кері байланыстың міндетті түрде болатынын айтты. Өз кезегінде халық пен ауыл әкімдері тарапынан ауылға тұрғындар тартып, көші-қон мәселелерін реттеуге атсалысуы сұралды.

 Қаршыға Елемесов,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале