20.08.2021, 12:03
Оқылды: 37

Ауылға қолын созған қожалық

Жуырда Тасқала ауданының әкімі Алдияр Халелов Ақтау ауылдық округінде болып, ауыл тұрғындарымен кездесті.

 б1

Кездесу барысында ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып, биылғы жылы Ақтау бөгетіне жіберілген балық жөнінде және алдағы уақытта оларды азайтып алмау мәселелері жайында айтылды.

Айта кетейік, биыл Ақтау бөгетіне 2500 шабақ жіберілген болатын. Бүгінгі күнде жіберілген шабақтар өсіп, ақтаулықтардың қызығына айналып отыр. Аталмыш игілікті іс кезінде «Жұмалы» шаруа қожалығының басшысы Михаил Марченконың демеушілігімен жүзеге асқан болатын.

Кездесу барысында балық шабақтары жіберілген күннен бастап, оларға арнайы тамағын беріп, осы күнге дейін қарап келген ауыл тұрғыны Марат Екібаевқа аудан әкімі алғыс хат табыстады.

Одан кейін аудан басшысы Ақтау орта мектебінде болды. Мектептің жаңа оқу жылына дайындығын, одан әрі жасылдандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды көрді. Мектеп ауласындағы бау-бақшасын, жайқалған гүлдері мен күтілген теректерді көрген аудан басшысы ризашылығын білдірді. Сонымен қатар ауылдық округ саябағында болып, жасалған жұмыстармен танысты. Ауылды жасылдандыру бағытында аудан әкімі Алдияр Сансызбайұлы ұсынысын жеткізді. Жаңадан отырғызылған теректердің ойдағыдай бой көтеруін жіті қадағалауды тапсырды. Ауыл- аймақтарды абаттандыру мен көшелерді көркейту жұмыстары ауданның барлық аумағында жүргізілуде.

Бұл саябақтан өтпейтін ауыл тұрғыны жоқ. Аталмыш саябақта футбол алаңы мен балалар ойын алаңы бар. Ақтау ауылының ажарланып, абаттануына, әсіресе, тұрғындары өте қуанышты. Балалар үшін ашылған ойын алаңшалары қазірдің өзінде балғындардың ең сүйікті мекеніне айналып отыр.

 

Болатбек Сапарғалиев,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале