Қазақстан – Cтепан Иванченконың екінші Отаны. Украинаның алақандай ауылында дүниеге келген ол бүгінде Өлеңті ауылының ардақты ақсақалының бірі.
Ол 1945 жылы алыс Украинаның Киев облысы, Белоцерковь ауданы, Узено селосында дүниеге келген. Әкесі жалпы ағаш шебері, ал анасы Матрена үй шаруасындағы қарапайым әйел болыпты. Өздері 13 ағайынды екен.
Степан – таза еңбектің адамы. Қазақстанға да ол еңбек іздеп келді. Оның Қазақстандағы алғашқы еңбек жолы кезіндегі Жымпиты ауданының Жетікөл совхозынан басталды. Құрылысшы болып еңбек еткен Степан 1987 жылы аудан орталығына қарай ауысты. Қазіргі Қарасу мөлтек ауданындағы кейбір үйлердің іргетастары Степанның қолымен құйылғанын, тіпті оның Сырым ауданының орталығындағы мәдениет үйінің құрылысына да қатысқанын Степанның өзінен басқа білетіндер аз қазір.
- Мені Қазақстанға алып келген – еңбектің жолы. Еңбек – бар нәрсенің ішіндегі ең бағалысы. Еңбекте бірге болған әрбір ауылдасымды сыйлаймын. Жалпы мен өзімнің ауылымды, қазақтарымды жақсы көремін. Ауылымда бақыттымын!» - дейді ол.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz