Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Жәнібек ауданы орталығынан шалғай орналасқан Талов ауылдық округінің Майтүбек елді мекеніне көптен күткен ауыз су келіп жетті. Осынау шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Азамат Сафималиев жергілікті тұрғындардың қуанышына ортақтасты.
-Құрметті ауылдастар, баршаңызды келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Елімізде ерекше назарға алынған мемлекеттік саясаттың бірі – халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету болатын. Бүгінде бұл жұмыс ауданымызда табысты жүзеге асырылуда. Ауылдағы барлық ауылдық округтер орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді. Ендігі кезекте елді мекендер тұр. Бүгін ауыз су Майтүбекке жетті, алдағы уақытта бұл жұмыс Еңбекші, Өнеге елді мекендерінде де жалғасын табатын болады. Биылғы жылды жақсы қорытындылап, келесі жылға аман-есен жетейік деді, - аудан басшысы.
Одан кейін сөз алған жергілікті тұрғын, шаруа қожалығының жетекшісі Тілепберген Перғалиев ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарып келе жатқанын, соның бір көрінісі ауылға орталықтандырылған ауыз судың келуі екенін айтып, жерлестерін қуаныштарымен құттықтады.
-Елді мекеннің ауыз су құбырының құрылысына 2019 жылы жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында аталған жобаны жүзеге асыру үшін мемлекеттік сатып алу арқылы ашық конкурс ұйымдастырылды. Оның қорытындысы бойынша Талдықорған қаласынан "КөлсайСтрой" ЖШС мердігер болып анықталды.
Құрылыс жұмыстарының сметалық құны 172 млн теңгені құрады. Нысан бойынша ауылішілік ауыз су құбыры 20 тұрғын үй мен 2 әлеуметтік ғимаратқа тартылды. Ауылішілік құдықтар және өрт қауіпсіздігіне арналған резервуар, су қысымды мұнара мен насосты станса орнатылды. Су көзі ауылдан бір шақырым жерде орналасқан скважинадан тартылып, ауыз су құбырының жалпы ұзындығы 3,6 шақырымды құрады, - деді Жәнібек аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Манарбек Әдиев.
Асқар Құсайынов,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz