Әр адамның өмірі – өзінше бір дастан. Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы қарттарды төртке бөлсе, солардың ішінде ең жоғарғысы «Абыз» деп аталады. Ол – елдің сөзін сөйлеп, дау-дамайды шешіп, ұрпақтар санасына ұлттық рух пен ізгі қасиеттерді дарыта білген тұлға. Осындай абыз жан ретінде елге сыйлы азамат Ахмет Батыршаұлын айтуға болады.
ХХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХІ ғасырдың алғашқы жылдарында ұстаздық еткен Ахмет Батыршиннің өмір жолы бір дастанға татиды. Ол бұрынғы Тайпақ ауданының Есенсай ауылында өмірге келген. Жастық шағы Сырым ауданына қарасты Тоғанас ауылында өтті. 1970 жылы В.Шубин атындағы Правда орта мектебін үздік бітіріп, А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының математика-физика бөлімінде оқыды. Алғашқы қызметтік жолын Қособа орта мектебінде мұғалім болып бастады. Кейін қазіргі Жаһанша Досмұхамедов атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, аудан әкімінің ұсынысымен Өлеңті ауылдық округі әкімінің бас маманы, Сырым аудандық білім беру бөлімінің бас маманы қызметтерін атқарды.
2008-2015 жылдары Сырым колледжінің әдіскері болған Ахмет Батыршин 2015 жылы зейнеткерлікке шықты. Алайда ардагер ұстаз зейнетке шықса да әлі сапта. Ол Сырым колледжінде жастарға ақылшы ата ретінде дәріс беруде. Еңбек еткен жылдарында Ахмет аға аудан, облыс және республика деңгейінде алғысхат, дипломдармен марапатталды. ҚР Парламентінің Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының сайлауы кезінде белсенділік көрсеткені үшін Елбасының атынан алғысхатқа ие болды. Ол қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, Жымпиты ауылдық округі қоғамдық кеңесінің төрағасы, Сырым ауданы бойынша медиатор, Жаһанша Досмұхамедов атындағы орта мектепте педагогикалық әдеп жөніндегі кеңес комиссиясының және Сырым колледжінде жұмысшылар комитетінің төрағасы, 1980 жылдан бері «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің штаттан тыс тілшісі болды. Түрлі тақырыпта, әсіресе қазақтың салт-дәстүрін насихаттау мақсатында жүйелі түрде қалам тербеп келеді. Спортқа да жаны жақын А.Батыршин облыс деңгейінде өткен жарыста шахматтан бас жүлдеге ие болды. Ардагер ұстаз М.Есләмғалиұлы атындағы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі жанындағы «Парасат жолы» орталығының мүшесі. Облыстық деңгейде өткізілген «Аталар сөзі – тәрбие көзі» атты бата беру сайысының бас жүлдегері.
Батагөй ақсақал бүгінде 70 жастың төріне шықты. Зайыбы, педагогика саласының ардагері Дариға Аронқызы екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп, бүгінде немере-жиеннің қызығына бөленіп отыр. Өмірден көрген-түйгенін ой елегінен өткізіп, жастарға өнеге болып жүрген абыз ата – осындай жан. Ұлт зиялысы, ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының ізін жалғастырушы Ахмет ұстаздың жарқын істері осындай.
Тельман Исатаев,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz