Әлбетте кәсіп, еңбек туралы әңгіме қозғай қалсақ, «Біздің қазақ жалқау, ештеңе істегісі келмейді» деп жамандай жөнелеміз. Бұл әңгімелер бүгінгі жастарға қарап айтылады. Дұрысында осы пікір бір жақты емес пе?!
Бүгінде экономикадағы белсенді топтың негізін жастар құрап отыр. Олар қай салада да табысты еңбек етуде. Дейтұрғанмен жастар не басқа да адамдар болсын кәсіп жасарда оның түріне қарап жатады. Қазіргі күнде шындығы керек жеңіл немесе күнделікті өмірде сұранысқа ие кәсіптерге қарай икемдеушілер көп. Мәселен, өзіміз күнде көріп жүрген әрбір қаладағы, ауылдағы сұлулық салондары және жекелеген визажистер көбейгені белгілі. Бұл кәсіп нәзік жандылар үшін қажетті болар, бірақ ауылда қажет етілетін кәсіптерден нәзік жандылардың қол үзіп бара жатқаны шындық. Алайда замандастарымыз арасында бұрын аналарымыз атқарған кәсіпті жалғастырып жүрген жандардың да бар екенін айтуға болады. Соның бірі - Жайықтың жағасында (Тайпақ ауылы) дүниеге келіп, Жалпақталдың келіні атанған Аягөз Қанатқызы.
Аягөз ауылда жастардың көп атқара қоймайтын үйді сылау, әктеу, егде кісілердің үйлерін жинап, тазалау, қонақ атқарысу, қала берді малдың ішек-қарындарын тазалау сынды жұмыстарды ұршықтай иіріп, елдің алғысына бөленуде. Замандастарымызға «үйдің сыртын әкте немесе сойылған малдың ішек-қарындарын тазала» десе олар «бұны білмейміз» деп ат тондарын ала қашатындары жасырын емес. Оны күнделікте өмірде көріп те жүрміз. Осындай шаруалар жасалмағандықтан, ауылдық жерде кейбір үйлердің сыртының азып тұратыны, сойылған малдың ішек-қарындары рәсуа болып далада жататыны өкінішті. Себебі, бұл шаруаны атқаратын нәзік жандылар азайып бара жатыр. Ал Аягөз осы кәсіпті қайта жаңғыртушы. Біз Аягөзге жолығып, әңгімеге тарттық.
- Жалпақтал ауылының келінімін. Тайпақ ауылының тумасымын. Негізгі мамандығым қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. Осы кезге дейін мектепте ұстаздық қызмет атқарып келдім. Наурыз айынан бастап әріптесім жұмысқа шығып, орнымды босаттым. Сол сәттен бері қол қусырып қарап отырған күнім болған жоқ. Әрі қазір қымбатшылық кезінде үйде алақан жайып отыру тіпті мүмкін емес. Не болса да ұлым мен қызымды асырап, қатардан қалдырмаудың тірлігі ғой. Бірде ойыма мынадай идея келді. Неге маусымдық жұмыстарға шығып, ауылдастарыма қолұшымды тигізбеске әрі күнделікті күнкөріс болады деген. Еш ойланбастан белді бекем буып, шаруаға кірістім. Қазір, шүкір! Өзіммен бірге шаруа жасаймын, ақша табамын деген нәзік жанды замандастарым шаруаларды бірге атқарады. Олар да үйренді. Таң атысымен үй сылау, әктеу, үй жинап, тазарту, қонақ атқарысу сынды жұмыстарды атқарамыз. Тапсырыс көп. Кілем жуып, сойылған малдың ішек-қарнын да тазалаймыз. Ауылдастарым бізге риза.
Бүгінгі заманның талабы – еңбек екені айдан анық. Қолынан іс келетін замандастарымыздың көші ілгерілеп кетті. Ал жалқаулығы басым, батыл шешім қабылдай алмай, нәтижелі істі бастай алмайтындар көш соңында қалып жатыр. Содан кейін Үкіметке қол жайып, өмірде өзіне де, өзгеге де көңілі толмайды. Үкіметке қол жайғасын масылдың күйін кешеді. Жұмыс жоқ деп сенделіп жүрген жерлестеріме айтарым, жұмыстың жақсы, жаманы болмайды. Тек адал ісіңмен, маңдай теріңмен тапқан еңбек қана толағай табыстарға жетелейді, -деп әңгіменің басын қайырды кейіпкеріміз.
Міне, мақаламыздың басты кейіпкері Аягөздің кәсібі осындай. Ойланып қарасақ, қаражат жоқ, оны табайын десен істейтін жұмыс жоқ деп айтататындарға Аягөздің әрекеті үлгі боларлықтай.
Адам баласы түрлі кәсіптен бас тартып жатса, ол өзінің тұрмысына, жалпы елге пайдасы жоқ зиян іс болар еді. Біз көбінесе ауылда сұранып тұрған осындай кәсіптерден қашқақтаймыз. Соңы қоғамда масылдықтың көбеюіне әкеледі. Кейде бір сәт ойлануға тура келеді. Кәсіп не басқа да еңбек түрімен айналысып жатқан адамдар туралы айтқанда ешқайда тіркелмеген, шарт жасалмаған осындай қарапайым еңбектің ұмытылып қалып жататыны да белгілі. Кәсіптің қандай түрі болса да жан-жақты қолдауға ие болғаны жөн. Мәселен, Аягөздің өзі айтқандай, маусым айларында Аягөз сияқты нәзік жандылардан құралған арнайы бригадалар ұйымдастырып, оған қолдау көрсетсе, ол елге де, адамдардың өздеріне де пайдалы іс болады. Осы тұста жауыр болған мәселе ауылда кіші цехтар ашу мәселесі қылаңдайды. Жаны жомарт, кәсіпкер ағаларымыз ауылдан кіші цех ашса, оған Аягөз сынды замандастарымызды жұмысқа тартса, ішек-қарын өнімдері пайдалы әрі өздеріне қанша табыс келтірер еді деген ой бар.
Сайып келгенде адал жар, ибалы келін, балаларының аяулы анасы Аягөз сынды арудың ісі көпке үлгі.
Әсем Болат,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz