5.09.2023, 12:45
Оқылды: 88

Аяулы ана, адал кәсіпкер, алтын қолды дәрігер – Алма Болатқызы

Табысты бизнестің артында көзге көрінбейтін тынымсыз тірлік, маңдай тер жатыр. Бүгінде табысын молынан тауып отырған кәсіпкердің бұған дейін қанша түнді ұйқысыз өткізгенін, от пен су кешкенін көпшілік білмейді, әрине. Міне, осы сатының барлығынан өткен кәсіпкердің бірі – Бөрлі ауданына есімі белгілі Алма Болатқызы.

24BD5F70-E3A6-4A05-971F-5FE4C97F3F2A

Бүгінде ауданға аты белгілі «ДентАрт» тіс емдеу клиникасының негізін қалаушы Алма Елеусінова. 2000 жылдардың алғашқы он жылдығы көпке қиын болғанымен кәсіп бастаған аяулы жанның бүгінде жеке клиникасы тұрғындарға қалтқысыз қызмет етуде. Алайда мұндай жетістікке жетудің артында еселі еңбек барын көбі білмейтін шығар. Сол себептен кәсіпкер, бүгін де аудандық мәслихат депутаты және ең бірінші кезекте тіс емдеуші дәрігердің өзімен тілдесуді жөн көрдік.

– Мектеп қабырғасында жүргенімде орыс тілі пәні мұғалімі менің болашағымды журналистика саласынан көретін. Алайда белгісіз бір күш мені жоғары сыныпты тәмамдарда қиын жолды, медицинаны таңдауға итермеледі. Осылайша Алматы медициналық институтының студенті атандым. Жоғары оқу орнында жүріп жұбайым Арман Елеусіновпен отау құрдық. Бірақ оқуды тастау ойда да болған жоқ. 1993 жылы аудандық ауруханаға жалпы тәжірибедегі тіс дәрігері болып қызметке орналастым. Барлығы осы кезеңнен бастау алды. Тынымсыз адамға қиын. Мен сондай адамның бірімін. Сондықтан алғашында асхана, кейін «Астана» сауда үйінен дүңгіршек аштым. Жұмыстан кейін сауданың шаруасымен жүретінбіз. Жолдасым екеуміз ала дорба арқалап талай күнді өткіздік, - деп еске алады кейіпкеріміз.

Тәуелсіздіктің ақ таңы атып, жұрт абыр-сабыр болып жатқан кезеңде ешкімнің оңай күндерді бастан кешпегені анық. Міне, осы кезеңдерде Алма Болатқызы отбасылық экономиканы нығайту үшін барын салған. Медицина маманы қосымша сауда жүргізіп, желілік бизнестің түр-түрін көрген. Ал 2007 жылы түпкі шешімді қабылдап, жеке тіс емдеу орталығын ашуға бел байлайды.

– Біздің отбасы үшін ең ауыр кезеңдердің бірі. Қазіргі әл-Фараби көшесіндегі көпқабатты үйдің біреуінен ипотекаға пәтер алдық. Жолдасым құрылыс саласының маманы болғандықтан пәтерді клиникалық ғимаратқа сай бейімдеуді қолға алды. Клиниканы ашқан кезде де тыным таптық деп айту қиын. Халықтың қалауын орындап, дертіне дауа табу үшін күндіз-түні жұмыс істедік те. Бос уақыттың барлығын білімімді жетілдіруге арнадым. Сансыз тренингтер, біліктілікті арттыру семинарларына қатыстым. Ең бастысы мен үшін аты бейтаныс сала «бизнесті» зерттеу үшін талай кітаптың басын қайырдым. Ең бірінші кезекте халыққа тиімді, сосын отбасыға пайдалы іспен айналысуды мақсат еттік. Міне, осы бір тынымсыз еңбектің бүгінгі нәтижесі осы бір ғимарат, осы тіс емдеу клиникасы, - дейді Алма Елеусінова.

Заманға сай жабдықталған, бастысы халыққа пайдалы клиниканың ашылуына елеулі үлес қосқан жанның бірі біздің кейіпкеріміздің жұбайы Арман Айболатұлы. Құрылыс саласының маманы ғимараттың әр бұрышын есептеп, жобасын жасаған. Бүгінде дүние салғанына үш жыл болған арда азаматының шексіз қолдауы мен көмегін аяулы кәсіпкер сағына еске алады.

AB5EE4CC-0EFF-4771-9874-779F099F2183

– Отағасы қашанда қолдау білдіріп, жаңашылдықты жақсы көретін. Менің әрбір жетістігімнің артында арқасүйеген азаматымның еңбегі көп. Отбасылық өмірде ұлдарымыз Аслан мен Алматқа шыны керек көңіл бөлетін кез көп болмады. Біз де мейлінше оларды қуантуға, бақытты балалық шақ сыйлауға тырыстық. Дегенмен жаман адам болған жоқ, бүгінде біздің отбасыда үш бірдей тіс дәрігері. Үлкен ұлым облыс орталығының халқына қызмет етсе, екінші ұлым менің қасымда, "ДентАрт"-та жұмыс істейді. Бала көргенін істейтіні анық. Ертеден ата-анасының тынымсыз еңбегін көрген екеуі де бүгінде адал қызмет атқара жүріп ақыл толыстырып, білім алудан тартынбайды, – дейді аяулы ана.

Кәсіпті кез келген адам бастай алғанымен дөңгелетуі қиын-ақ. Бизнес мықтыларды мықтап сынайтын, шыдамсыздарды шетке ығыстыратын қатал сала. Оған төзе білгендердің тасы төрге өрлеп, сынақтан сынып қалғандар сырттан бақылап қана қалады. Осы тұста Алма Болатқызы да бизнестегі басты ұстанымдары, талабы мен талғамы туралы айтып берді. Ол ең бірінші кезекте сапаны қош көреді. Сол үшін де бүгінде моно қала саналатын Ақсайдағы клиниканы заманауи жабдықтармен толтыруда. Сондай-ақ кәсіпкер бизнес адалдықты талап ететінін және ұжым өз ісінің шеберлерімен толығуы қажеттігін де айта өтті.

P.S.

Әйелдер қауымын нәзікжанды деп жатамыз. Алайда олардың арасында да кейде ерлік танытып, жетістікке жетіп жататындары қаншама. Тіпті жетістікке жеткен ер адамның артында да нәзікжандының тұруы таңғаларлық дүние емес. Бизнесте білек сыбана еңбек етіп жүрген бүгінгі кейіпкеріміз көпке үлгі болары анық. Қазақтың аяулы арулары осындай биік шыңға шыққандары көңіл қуантады.

Аслан Нұразғали

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале