18.08.2024, 17:30
Оқылды: 5

Азамат десе, азамат!

Азамат Ибатов туралы айтпас бұрын бірінші футболдың қыр-сырын меңгеріп алу қажет сынды.

Спорттың логиканы аса қажет ететін түрімен балалық шағынан дос болған оның әр сөзі футболдың техникасына бағытталған.

InShot_20240818_170419531

Азамат Алматұлы 1993 жылы 24-наурыз күні Казталов ауданында дүние есігін ашқан. Теректі ауданына қоныс аударғанына 9 жылдан астам уақыт болған.

- Спортқа 3-сыныпта қадам бастым. Әлемнің 1-спорты саналатын футболды тандап, жаныма серік еттім. Осы спорт түріне келгеніме 22 жыл болады екен. Қазіргі танда Теректі ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып еңбек етемін,- деген ол 9 жылдағы еңбегіне тоқталды.

Азамат Ибатов аудан, облыс, республика және халықаралық деңгейде чемпиондар тәрбиелеп шықты. Шәкірттерінің басы оқу бітіріп, үлкен спортта бақтарын сынап жүрсе, ал жас спортшылар аудан намысын республикалық додаларда қорғап жүр.

–Өзімнің жеткен жетістіктерімді футболға құштар інілеріме жиі айтамын. Олар содан қанаттанып, шабыттанып кетеді. Жастар арасында облыс чемпионы, облыстық жоғары лига жеңімпазы, ауданның «Ең үздік спортшысы» аталымының, футзалдан екі мәрте кубок иегері болдым. 2022 жылы Петропавл қаласында Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметкерлері арасында өткен спартакиадада чемпион атанып, Қазақстан Республикасының спорт және туризм министрлігінің төс белгісімен марапатталдым,- деді өз сөзінде.

Өзін дамытып, жастарға жол көрсеткен чемпион ересектер арасында екі дүркін «Ақ бидай» республикалық ауыл ойындарында Теректі құрамасын алға бастап, жеңіс тұғырынан көрінуге атсалысқан.

Биыл шілде айында Ақтөбе қаласында өткен Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметкерлері арасындағы республикалық спартакиадада үздік жаттықтырушы, Қазақстан футбол федерациясының төс белгісін кеудесіне таққан.

-Қазір футболға тұрақты түрде 90-ға жуық оқушы келеді. Шәкірттерім жұлқынып тұр. Бірде бір дайындықты қалдырмай, асығып жетеді. Олардан бөлек жастардың бірқатары «Батыс Қамқор», «Бәйтерек» командаларында жаттығу жасайды. Федоровка жалпы орта білім беретін мектебінің 9-сынып оқушысы Ерсанат Тілепқалидан көп үміт күтемін. Халықаралық дәрежедегі жарыстарда «Үздік ойыншы» аталымын жұлып алып, өңір намысын асқақтатып жүр,- деді жас аяқдопшылардың ұстазы болғанына риза болып.

Азамат Алматұлының жоспары, сайыстарға дайындығы серпілтіп тастады.

Тек оны орталық спорт алаңындағы футбол алаңының талапқа сай келмейтіні толғандырады. Кешкі уақытын тиімді өткізу үшін теректілік жастың көпшілігі стадионға келеді. Жабыны желмен ашылып, ойынның құтын қашырып тұрған алаң жөнделсе, жас футболшыларға артық ешетеңе керек емес. Азаматтың бұл ойын құптап, «Азамат десе, Азамат екен-ау» дестік. Ендеше, абырой берсін! Теректі құрамасы гол салсын! Гол салғанда мол салсын!

Ақтілек Әлібекұлы,

Теректі ауданы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале