30.05.2024, 19:00
Оқылды: 22

Бабын тапқан Батырдың бастамасы алғашқы өнімін бере бастады

Ғылым мен техника дамыған заманда жылыжай өніміне сұраныс еселеп артқан. Жердің тозуы, топырақтың құнарсыздығы және климаттың өзгеруі – оған басты себеп болмақ. Жылыжай жұмысын жандандырып, егіс көлемін арттыруда, сонымен қатар шығынды азайтып, өнімді көбейтуде ауыл шаруашылығы мамандары жұмыс істеуде. Жылыжайдың болашағы зор деп айтуға болады. Осыны түсінген Жәнібек ауданы Тау ауылының тұрғыны Батыр Дауф ауласынан жылыжай салып, алғашқы өнімдерін ала бастады.

InShot_20240530_185742618

Жуырда аудан әкімінің халық алдында есеп беру кездесуінде Тау ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Алтынгүл Дамас өзінің баяндамасында Батыр Дауф туралы айтқан болатын. «Жақсыны көрмек үшін» деген, біз ізін суытпай жылыжайға ат басын бұрып, оның тыныс-тіршілігімен жақынырақ таныстық. Жылыжайдың иесі Батыр бұл кәсіпті биыл бастаған екен. Жылыжайды өз қаражатына салып, жалпы оның құрылысына, тұқымдары мен техникаға 700 мың теңге қаражат жұмсалған. Жылыжайдың жұмысымен танысу үшін ішке кірдік. Іші қазірдің өзінде-ақ ыстық. Қимылдап тірлік істемей-ақ, қара терге малынасың. Наурыздың 21-інен кейін отырғызған көшеттер әжептәуір бой көтеріп, гүлдеп, мамырдың 11-і күні алды алғашқы жемісін бере бастаған.

-Үйімнің ауласынан ені 5, ұзындығы 10 метр болатындай жылыжайдың құрылысын күзде бастаған едім. Себебі алғаш рет болғасын жылыжайдың жабыны шыдар ма екен деп қыстай қарап, бақылап шықтым. Өздеріңіз көріп тұрғандай, шыдас беріп, керемет жыртылмай тұр. Наурыздың 11-і күні тұқымдарды стақанға егіп, көшеттерін шығарып алдым да, 21 наурыз күні жерге отырғыздым. Алғашқы өнімді, яғни 2 келі қиярды 11 мамыр күні жинап алдым. Содан кейін арасына бір күн салып, жинап, ауыл тұрғындарына тиімді бағада сатып отырмын. Биыл қияр 60, қызанақ 30, болгар бұрышы 30 түп, сонымен қатар көк пияз, салат жапырағы, ақжелкен, аскөк ектім, - деді Батыр Жігерұлы.

Қияр көкөнісіне тұрғындар тарапынан сұраныс жақсы екенін көрдік. Біз барғанда ауыл тұрғындары да келіп, тапсырыстарын алып кетіп жатыр. Өнімді күнара жинағаннан кейін тұрғындар алдын ала тапсырыс беріп қояды екен. Сонымен қатар аулада қосымша профильді құбырларды көріп, не үшін жатқанын сұрадық.

«Профильді құбырларды тағы бір жылыжай құрылысын жүргізу үшін әкеліп қойдым. Жоспар бар. Себебі қазіргі жылыжайда орын аз болып, көшеттерді сыйдыра алмай отырмын. Алла бұйырса, ені 6, ұзындығы 20 метр болатын жылыжайға таза қияр егемін. Ал бұл жылыжайда тек қызанақ егетін боламын», - дейді бағбан.

Батыр Жігерұлы 1979 жылы Саратов облысы, Новоузень ауданының Петропавловка ауылында дүниеге келген. Негізгі мамандығы – аспаз. Бағбанның негізгі мамандығы басқа болғанмен, егін шаруашылығына қызығушылығы бала кезден басталған екен. 2000 жылы Тау ауылына қоныс аударып, осында отбасын құрған. Қазіргі таңда зайыбы Ғазиза Жұбанова екеуі бір ұл тәрбиелеп отыр. Кәсіпке жары да атсалысып, қолынан келгенше көмектесіп жүрген көрінеді.

Батырдың мақсаты – таулықтарды жергілікті көкөністермен, соның ішінде қияр, қызанақ өнімдерімен қамтамасыз етіп, импортқа тәуелділікті бәсеңдету. Батыр бірінші жылыжайды ауласынан салса, екінші жылыжайдың жер телімі үйлеспей тұрғанын да тілге тиек етті. Бұл мәселе бойынша әкімдіктен көмек болса екен дейді. Дегенмен ол қолда бар қаражатымен жылыжайдың жұмысын дөңгелетіп отыр.

InShot_20240530_185915264

Тағы бір айта кететін жайт, жылыжайдан бөлек ауланың екінші жартысына құлпынай, өрік отырызылғанын көзіміз шалды. Облыс орталығынан көшеттер әкеліп еккен. Айтуынша, құлпынай қара күзге дейін өнім береді. Сонымен қатар ол ауласынан ұңғыма қаздыруға ниетті.

Батырдың бастамасы көп жасқа үлгі боларлық деп ойлаймыз. Қазір қыбырлаған адамға тірлік көп, еңбектенген адамға табыс мол екендігін дәлелдеген кейіпкеріміз егін шаруашылығының ауырлығына қарамастан, жылыжайдың жайын келістіріп, алғашқы жемісін жей бастағандығы көңілге қуаныш ұялатады.

Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале