Тамыз айында егістікке орақ салған теректілік дихандар жиын-терінді еңсере келді.
Күздік дақылдарды жинау аяқталды. 12465 гектарға салынған күздіктен гектарына 15 центнерден шығыммен 18453 тонна дән жиналған. Әсіресе, күздік бидайдың түсімі жақсы. 8995 гектарға былтыр күзде себілген бидайдың әр гектарына орташа есеппен 17 центнерден айналған. Нәтижесінде 15343 тонна дән қамбаға құйылды.
Жаздық дақылдардың түсімі сәл төмен. Бидай мен арпаның өнімділігі гектарына 11 центнерден. Тары мен сұлы, сорго гектарына 9 центнерден түсім берген. Сонымен 30262 гектарға салынған жазғы дақылдардан 30516 тонна өнім бар.
Жазғы дақылдарды ору әлі аяқталған жоқ. Дихандар бидай, арпа мен тарыны толық жинап алғанымен, сұлы мен сорго алқаптарында әлі де жұмыс қызу.
Биыл 45518 гектар жерге салынған майлы дақылдарды жинау енді басталды. Әзірге тек мақсарыға ғана орақ салынды. 35042 гектарға салынған мақсарының 4601 гектары жиналған. Түсім - гектарына 8 центнерден. Енді күнбағыс пен зығыр салынған алқаптар өз уақытын күтіп тұр.
Картоп, көкөніс пен бақша дақылдары салынған жерлер өнім пісіуіне қарай игеріліп жатыр.
Мысалы, 411 гектарға салынған картоптың жартысынан астамы, 220 гектарынан өнім жиналған. Гектарынан орташа түсім 151 центнерден көрсетіп, 3322 тонна картоп терілді. Жинау толық аяқталған кезде 5-6 мың тонна картоп алынады деген болжам бар.
Көкөністер ішінен ең өнімдісі қырыққабат болып тұр. 116,32 гектарға тігілген қырыққабаттың 80 гектары жиналған. Соның өзінде 1392 тонна өнім алыныпты. Қызанақ-қияр сияқты маусымдық көкөністерді жинау аяқтала келді.
- Жалпы, биыл облыс халқының картоп пен көкөніс өнімдерін тұтынудағы тапшылығын жою және қажеттілігін толық қамтамасыз ету мақсатында 2022-2025 жылдарға арналған «Жасыл белдеу» тұжырымдамасы жасақталған болатын. Соған сәйкес біздің ауданда көкөніс, картоп пен бақша дақылдарына бөлінген жер көлемі өсті. «Жасыл белдеу» аясында жалпы 1064 га жерге егістік салынды. Соның ішінде көкөніс 506 га, картоп 411 га, бау-бақша 150 гектарға отырғызылды. Әзірге қорытынды жасап, осынша өнім алдық деп айтуға ерте. Қызылша, картоп, сәбіз жинау аяқталған жоқ. Дегенмен картоп-көкөніс алқабын кеңейтудің тиімді екеніне көз жетті. Бақша-көкөніс салумен айналысқан шаруашылықтар өз өнімдерін дүкен-базарлар арқылы сатады. Сол арқылы көршілес елдерден көк тасуды азайттық. Жәрмеңкеде делдалсыз сату нәтижесінде тұрғындар сауда орындарына қарағанда 15-20 пайыз төмен бағамен картоп, қияр-қызанақ, қауын-қарбыз алып жатыр. Яғни, баға тұрақтандыруға сеп болуда, - дейді Теректі ауданының ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Мейірбек Сұлтанов.
Камелия Өтеу,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz