Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Ana tili» газетіне берген «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» сұхбатын керек тұстарының астын сызып тұрып, түгел оқып шықтым. Мемлекет басшысы мемлекетімізд бүгінгі деңгейін бағамдап, болашаққа жоспарын бөліскен екен. Мақала тақырыбы Президентіміздің еліне қызмет ететін тұлға ретінде өзіне қойған талабын айғақтап тұрғандай.
Бүгінде аумалы-төкпелі заман орнап тұр. Ақпарат құралдары арқылы алыс-жақын шет елдердегі әлсін әлі дүмпуді естіп-біліп, куә болып отырмыз. Осындай шиеленіскен геосаяси жағдайда еліміздің сыртқы саясатының мығым болуы, ішкі тұрақтылық аса маңызды. Сұхбатта Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, биыл елімізде осы мақсатта әлемдік деңгейде маңызы жоғары бірқатар шаралар өтті. Ұлттық Құрылтайдың да тұрақтылық, заң мен тәртіптің салтанат құруында атқарған жұмысы шаш-етектен.
Биыл еліміз аса ауыр сынақтан өтті. Көктемгі су тасқыны өңіріміздегі бірнеше елді мекенде ойран салып, көптеген отандастарымыз баспанасыз қалды. Осы қиын-қыстау кезеңде басына ауыртпалық түскен бірде-бір жерлесіміз жалғыз қалған жоқ. Барлығы баспанамен қамтамасыз етіліп, қаржылық та, материалдық та қолдау көрсетілді. Осыған дейін құлыптаулы тұрған мемлекеттік резервтің қақпасы айқара ашылғаны да – қараша халыққа жанашырлықтың белгісі.
Сұхбатты оқып отырып ойласам, сонда аталған игіліктен біздің де аудан құр қалмаған екен. Ауыл-елді мекендерде жаңа тұрғын үйлер биыл бой көтеріп, 8 медициналық нысанның құрылысы басталды. Аудан халқын тегістей ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар да аяқталуға тәмам. Бейбіт күндердің берекесі деп білу керек осының бәрін. «Бағалай білгенге бақ қонады, қуана білгенге құт қонады» деген, халқымыздың игілігі үшін атқарылып жатқан жарқын істерге лайықты бағалау керек, ағайын!
Максим Үмбеталиев,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
Ақжайық ауданы