8.04.2021, 12:23
Оқылды: 34

Бағаны қайтсек, бағындырамыз?

«Азық-түлік бағасының қымбаттауына жол берген шенеуніктер жазалансын». Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов осындай ұсыныс айтқан болатын. Не себепті бұлай дегенін мәселеге тереңдей отырып, тарқатып түсіндіруді жөн көрдік.

М.Ахмедова11

Өзге де, алыс-жақын шетелдіктер сияқты біздің еліміз коронавирус індетінің бетін қайтарып, тіпті оны аз-мыз ауыздықтағандай болғаны кеше ғана сияқты еді. Әттеген-ай десеңші, есеңгіреген есімізді енді жиып, уақытша болса да «тізгінделді» деген кесапат бір жыл толтырып, қайта оралды. Ауырғандардың саны екі еселеніп, күннен-күнге өсе түсті. Ауру шекеден шертіп, адамдарға шерменде күй кештірген кезде, дүкендердегі тағамдардың бағасы да аспандап, «құрық салдырмай» барады. Бақыт Сұлтанов осыны меңзеп айтқан еді.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр ғана пандемия басталысымен басты қажет болған нәрсеміз бетперде қат дүниеге айналды. Одан соң пысақай жандардың кесірінен оның да бағасы аспандап, жерге әзер түсіп еді-ау?! Басшы-қосшы бетпердемен алысып жүргенде, аяқ астынан нан бағасы шарықтап шыға келді. Негізсіз өсіргендерді қатаң қадағалау және бағаны құрықтау мақсатындағы Үкімет жарлығының арқасында әйтеуір, ол да тұрақталды. Сәл-пәл бәсеңдеп, 130 теңгеден әрі аса алмай қалды. Бұған да көндік. Десек те, «жау жағадан алғанда, бөрі етектен» демекші, әлеуметтік маңызы бар тағамдардың бағасы күн сайын шарықтап келеді. Бұның өзі, әсіресе көпбалалы және жағдайы төмен жандарға ауыр тиюде. Егер тағы да локдаун жарияланса немесе санитарлық шектеулер қатаңдаса, баға да басынып, дүкеннен келер сөмкенің тіптен жеңілдері түсінікті.

«Қант, қарақұмық, сұйық май, тіпті ет өнімдері шұжық, ірімшік құны өткен жылға қарағанда 10-2-пайызға өскен. Тұрақтандыру қорларында аталған тағамдар жеткілікті болса да, бағада тұрақ болмай тұр. Шарықтап кеткен азық-түлік бағасын шектеу үшін әкімдіктер шұғыл шара қолданса», - дейді ауыл тұрғыны Ғалия атты ханым.

Айтса айтқандай, үй тауығының жұмыртқасы 500 теңге. Ал әкелінгендері супермаркеттерде он данасы 460, 480 теңгеден сатылымда. Тоқсаныншы жылдары сиыр етінің әр келісі 500 теңге болғанын ескерсек, әрине жұмыртқаны ендігі жерде ең қымбат тағамдай көруіміз мүмкін. Қазір еттің өзі келісі 2 мың теңгеден асып тұр.

«Шекерді жазда 240 теңгеге алып едім, енді 295 теңге деп тұр. Ал сұйық майды 670 теңгеге алдым, қазір 1300 екен» деп қынжылады көпті көрген Мәрзия әжей.

Жалпы, жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы облыс бойынша 2/4 пайызға қымбаттаған. Ресми дерек осылай дейді. Көбіне сырттан келетін өнім және көкөністер қыста қымбаттап кетеді екен.

Осы мәселе төңірегінде дүкен иелерімен де сөйлесіп, мән-жайға қанықтық. Өзімізде өндіріс болмауы себепті әкелінетін тауарлар басқа жерден келеді. Нәтижесінде құнын өздері қояды. Ал Шыңғырлау ауданы орталығындағы «Парк» дүкенінің сатушысы Нұрсауле Жұбанқұлқызы: «Мен дүкенші ретінде емес, тұрғындар атынан өз ойымды айтқым келеді. Себебі азық-түлік бағасының шарықтауы тіптен негізсіз. Бұндай қымбатшылықты халық көтере алмайды. Зейнетақы, жәрдемақы көтеріледі деген сыбыс шығысымен, сол сәтте-ақ тауарларға үстеме баға қосылды. Нақтырақ айтсам, тіпті өткен жылдың қараша айынан бастап қосып жіберді. Қаладан келген әр тауардың үстемесі апталап емес, күн сайын өсуде. Ал біз тұрғындарымыздың жағдайына қарағымыз келеді. Сондықтан кірісіміз өте аз. Себебі қаладан өсіп келген бағаға қосатынымыз тиын-тебен болып қалады. Күбағыс майы, шекер, көкөніс, тәттіге де солай. Бұндай қымбатшылықты ауыздықтамаса, қарапайым халықтың еңсесі түсуі әбден мүмкін ғой», - дейді жұмысына ұқыпты сатушы.

«Лидер» дүкенінің сатушысы Мөлдір Ахмедова: «Біз күнделікті қажетті азық-түлік тауарларына бағаны ұстап тұруға тырысып келеміз. Қазіргі таңда бағаның бас бермей жатқаны белгілі. Әйтсе де қаладан әкелінетін күнделікті дастарқанға қойылар ұннан жасалған өнімдерді, көкөністерді қалыпты бағадан асырмауды жөн көрудеміз. Әрине, мұның өзі біздің де табысымызға кері әсерін тигізіп отырғаны анық, бірақ халықтың жағдайы да мәз еместігі түсінікті. Сол себепті де облыс көлемінде бұл мәселенің шешімі табылғаны дұрыс болар еді?!», - дейді.

Тағы бір себеп, өңірлерде тұрақтандыру қорларының жұмыстарында кемшілік көп. Сол себепті бағаны бақылайтын, тым құныққандарды тәртіпке келтіретін министрлік бағаны бағындырудың тың тәсілі ретінде жаза қолдануды ұсынуы тегін емес. Қара халықтың қамын жасаудың басқа амалы жоқ, сірә!?

Ал әрбір отбасы дүкенге барғанда екі бөлке нан, бір қорап сүтті күн сайын сатып алады. Оған қоса, күн ара жеміс-жидек, шырын, көкөніс алса, кемінде бес мың, немесе жеті мың жұмсайтындарын бағамдадық. Ал жалақыңыз 60-80 мың теңге делік. Сонда сіз (5 мың теңге х 15 күн, теңге болады 75) 75 мың теңгені тек қана азық-түлікке жұмсайсыз. Ал үйге қажетті сабын, сіріңке, тіс пастасы, кір жуғышың т.б. алуың керек. Сәбиің болса жөргекшең ше? Оған келім-кетімің үшін дастарқанға алатынды қосыңыз. Бұдан шығар нәтиже мынадай. Демек, бір ай еткен еңбек ақыңның 90 пайызын дүкенге салдыңыз. Бұған киім-кешек, жол, телефон бірлігін қоспағанның өзінде. Сонда барлық тапқаныңыз ішім-жеміңізден артылмай қалады екен ғой...

Ал баға күн сайын шарықтауда. Ендігі жерде баға жазаға бағына ма, бағынбай ма? Оны уақыт көрсетеді. Тек, өкініштісі сол тапқанымыз қапқанымыздан ауыспауда, еңбекақы көтерілмеуде. Осылай жалғаса берсе, не амал қыла аламыз?..

                                                                                                                    А.Арыстанова,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале