14.02.2022, 17:50
Оқылды: 77

Бағаның өсуі балабақшаға да жетті

Қазіргі таңда үздіксіз білім беру өсіп келе жатқан жас ұрпақтың білім тереңдігімен өлшенеді. Білімді, қабілетті ұрпақ – ұлтымыздың баға жетпес қазынасы. Қоғамымызда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістер мен еліміздің білім беру саласының әлемдік білім кеңістігіне өтуі білім беру саласында, соның ішінде мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуға уақыт талабына сай өзгерістерді енгізуді талап етіп отыр. Осы орайда, биыл 1 қаңтардан бастап Жәнібек ауданындағы барлық балабақша ақысы қымбаттады.

2022-01-26-18-42-53

Азық-түлік бағасы қымбаттады

Сонымен, 3 жасқа дейінгі балалардың бір күндік төлемақысы күніне 200 теңгеге өсті. Ал, 3 пен 5 жас аралығындағы балғындар үшін 238 теңге бөлініп отыр. Бұл баға бір айға шаққанда 11230 теңгені құрайды. Ата-аналар үшін жеңілдік, олар баланың бақшаға бармаған күніне төлемейді. Яғни, бұл сомадан демалыс және мереке күндері алынып тасталады.

-Жәнібек ауданы бойынша 9 балабақша бар. Үшеуі аудан орталығында, қалғандары ауылдық округтерде орналасқан. Биылдан бастап балабақшаның төлемақысы өсті. Ауылдық округтердегі балабақшаларда биылға дейін 3 жасқа дейінгі балаға айына 5000 теңге, 3 пен 5 жас аралығында балақайларға 6000 теңге төлеп келсе, биылдан бастап 3 жасқа дейінгі балаға 8486,82 теңге, ал 3 пен 5 жас аралығындағы балаға 10184,10 теңге шығып отыр. Аудан орталығындағы балабақшаларда 3 жасқа дейін, 3 пен 5 жас аралығында сәйкесінше 9401, 11230 теңгеге өсті. Ақының өсуі, ең алдымен азық-түліктің қымбаттауына байланысты. Мектепке дейінгі ұйымдарда жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысына, құрал-жабдықтар сатып алуға қаржыны мемлекет бөледі. Ал баланың күнделікті тамағын ата-ана өзі қамтамасыз етеді. Яғни ата-ана баланың тамағы үшін ғана төлейді,- дейді аудандық білім беру бөлімінің басшысы Бағида Сарбалина.

Ас мәзірі қатаң бақылауда

Бала біздің болашағымыз, олардың денсаулығы дұрыс қалыптасуы үшін оның пайдаланатын ас мәзірінде ағзасына қажетті дәрумендер толық болуы шарт. Бұл Борсы ауылындағы «Балапан» бөбекжайының ұстанған ережесі. Бөбекжай ұжымы күнделікті ас мәзірін қатаң бақылауда ұстайды. Айтуларынша, жеміс-жидек міндетті түрде болуы керек. Әр баланың жас ерекшелігіне байланысты берілетін тағамның да мөлшері әртүрлі болады.

Аудан орталығындағы «Жәнібек» бөбекжайының меңгерушісі Гүлмира Бекжанова: «Мәселен, қыс-көктем онкүндік ас мәзірімізде дүйсенбі күні тары ботқасы, тұшпара, рагу етпен, компот пен нан беріледі. Міндетті түрде бесін асқа жеміс береміз. Әрине, бағаның өскені тағам көлеміне әсер етпейді, бірақ сапасы жақсарары сөзсіз. Қалай болғанда да біз сапалы тамақ беруге міндеттіміз».

Сондай-ақ, Жәнібек ауылының тұрғыны Ақбөбек Аманғалиеваның балалары балабақшада қандай тағам беретіндігін үнемі айтып келеді екен. Балабақшада берілетін тағамға ана да, балалары да дән риза. Оның айтуынша, балалары тұшпара, манты жеп, сүт ішеді. Міндетті түрде жеміс-жидек беріліп отыратындығын да тілге тиек етті.

«Баланың тамағы құнарланса, құптарлық дүние»

-Біздер бағаның өскеніне көндік. Баланы қатарластарынан бөлгіміз келмейді. Балабақшаға екі балам да барады. Біздің топта бағаның өскеніне  ешбір ата-ана қарсы болмады.Кірісі аз отбасыға қиын болады. Жолдасым екеуміз жұмыста болғандықтан балаларды садикке апару қолайлы. Сондай-ақ балалар бақшадан таппақ, ән айтуды үйренеді. Бөгде балалармен достасуды үйренеді. Үйде отырған бала мен балабақшаға барған баланы салыстырсаң мінез-құлқында айырмашылық бар. Балабақшаға барған балақай ашық, тез тіл тапқыш қасиетімен ерекшеленеді. Төлемақы өсіп, балалардың тамағы құнарланса, құптарлық дүние. Ас мәзіріне оң өзгерістер енгізілсе, қалтаға түскен ауыртпалыққа көнеміз,- деді жас ана Зергүл Өтемісова.

Айта кетейік, кез келген азамат баласының күнделікті тұтынатын тамағын тексеруге құқылы.

Жеңілдік қарастырылуы тиіс

Жәнібек ауылының тұрғыны Армангүл Салимова балабақшаға екі баласы қатар баратындықтан жарнасын төлеуге мүмкіндігі болмай қалғанын жасырмайды. Ол енді  «Алтын ұя» балабақшасына балаларының әзірге бармайтындығы туралы арыз жазбақ.

«Балаларымды әзірге балабақшаға жібере алмаймын. Себебі балабақша ақысы қалтаға соғып тұр. Өзім үшінші сәбимен үйде отырмын. Жолдасымда тұрақты жұмыс жоқ. Анда-санда жалданып жұмыс істеп келеді. Меніңше, бұрын балабақшаларға субсидия бөлініп тұратын. Ал қазір дағдарысқа байланысты тіпті нанға бөлінетін субсидияны да алып тастапты. Азық-түлік қымбаттады, иә. Оның бәрін де түсініп отырмын. Алайда, тұрмысы нашар отбасыларға балабақша ақысын төлеуде әлдебір жеңілдіктер қарастырылуы тиіс» - дейді Армангүл.

Түйін

Баға қанша жерден қымбаттаса да, бала тамақтан тарықпауы керек. Алдағы уақытта азық-түлік бағасы реттелер деген сенімдеміз. Аз қамтылған, тұрмысы нашар немесе көп балалы отбасыларға бұл мәселе бойынша жеңілдіктер қарастырылатындығына күмәніміз жоқ.

Айтпақшы, бұл өсім көршілес жатқан Бөкей ордасы ауданындағы балабақшаларда 3 жасқа дейін балаларға 6300 теңге, жоғарғы топтарға 6500 теңге (балабақша ақысын көтеру бойынша келіссөздер жүргізілуде), Жаңақала ауданында 3 жасқа дейін – 13200 тг., 3-5 жас аралығы – 14300 тг. екен. Ал, облыс орталығында балабақша ақысы биылдан бастап тағы өсіп, ата-ана 3 жасқа дейінгі балаларға айына 14000 теңге төлесе, 3 пен 5 жас аралығындағы балаларға 16000 теңгеге шығып отыр екен.

Гүлзара Тілекқабылқызы,

Жәнібек ауданы  

zhaikpress.kz  

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале