29.09.2020, 10:41
Оқылды: 69

Бағымсыз мал жүйкені жұқартып тұр

Бөкей ордасы ауданының орталығы Сайқында көше кезіп, мекеме, мектеп жанымен алшаңдай басып, асықпай жүретін, асықпай жүріп қана қоймай, жол бойы кездескен контейнерлерді ақтарып, тіміскілеп жүретін Зеңгі баба түлегіне де, үш-төртеу боп топтасып жүретін Қамбар ата түлегіне де жұртшылықтың көзі үйреніп болған.

Mal (3)

Ауылдағы ағайынның басын қосатын түрлі чаттарда осы бағымсыз мал –тұрақты тақырып. Аудандағы не жағдайға да бейжай қарамайтын апайымыз Гүлжиян Бисекенова:

-Бағымсыз мал – көше кезіп, қоқыс қалдықты қолмен жинап жүрген биржа қызметкерлерінің еңбегін еш етеді. Сенбілік жасап, тал-терек ектік деп мәзбіз. Сол еңбек те еш. Таңертеңгілікте малын ауыл сыртына шығарып, айдап жүрген жан көрмейсің. Ауласынан шығарып салса болғаны. Мал ұстағаны жақсы, сауып, сүтін ішкені, сойып, етін жегені жақсы ғой. Бірақ, мал бағудың да жауапкершілігін білгені дұрыс, – дейді.

Mal (4)

Тағы бір ауыл тұрғыны Шолпан Қарабалина:

-Қазіргі малға дейін айлалы. Жабық тұрған ауланы ашып кірудің амалын табады әйтеуір. Аулаға баса-көктеп кірген мал бар еккен гүлімізді, бақша өнімдерін жеп, жемегенін таптап, жаз бойы еткен еңбегімізді шайып кетті. Мал мақұлық болған соң бөтеннің ауласы, өсірген бақшасы, қоғамдық орын дегенді білмейтіні анық. Бірақ мал ұстап отырған адамның айналасы, қоғам алдында жауапкершілігі болуы керек қой, – деп ренішін білдірді.

Шолпан апамыз десе дегендей, қожайындар үшін мал табыс көзі ғана. Оларды ауыл сыртына айдап, жапасын жинап жүру қоғамдық қызметкерлердің тікелей міндетіне айналған. Әкеңдей адам азын-аулақ айлық үшін бөтеннің малын қуып, анаңдай әйел адам тағы да сол бөтеннің малының жапасын жинап жүргені ой салмайтыны өкінішті.

-Мал иелерінің жауапсыздығы – бүгінгі күн тәртібіндегі күйіп тұрған мәселе. Малы бар үйлерге барып, малды бағымға қосу, ауыл сыртына айдау тәртібін айтсақ, «Менің малым үйренген. Таңымен өзі кетіп, кешкісін өзі келеді, артынан айдап жүруді қажет етпейді» деп бет бақтырмайды. Кейбіреуі «Иә, мен түнде малды қамамаймын. Қыс емес қой» деп қарап тұрады. Жауапкершілікті түк те сезінбейтіндері рас. Бағымсыз мал тек абаттандыру жұмыстарымызға ғана кесел келтіріп тұрған жоқ. Теміржол бойлап жайылып, пойыздарға соқтығысуда. Көп жыл бұрын мал бағымын ұйымдастырылған. Бақташы белгіленген. Айлап мал ауыл сыртында бағылған. Отыз адам малын бақтырса, ақысын төлеуге келгенде тең жарымы төлемеген. Соңы сиырқұйымшақтанып кеткен соң бұл тәжірибе жалғаспай қалғанға ұқсайды. Бағымсыз мал мәселесін жолға қою үшін малқамақ ұйымдастырылды. «Елеусін» шаруа қожалығымен келісімшарт жасалды. Көше кезіп жүрген мал ауыл шетіндегі қамаққа айдап апарып қамалады. Құлағында сырғасы болса, акт толтырылады. Сырғасы жоқ болса, қожайыны келгенше күтеміз. Қамаққа алынған малдың жем-суы, бәрі шешілген. Бірінші ретте ескерту жасалады. Қайталанса, айыппұл салынады, – дейді Сайқын ауылдық окургінің әкімі Нұргүл Омарова.

Mal (2)

Мал бағымы демекші, ниет қылғанға жекенің малын бағу да қып-қызыл пайда.

-Жұмыссыз азаматтарға 505 мың теңге грант алып, жекенің мал бағуды ұсындық. Осы ұсыныспен бір адамға емес, он бес адамға шықтық. Тек Бисен мен Мұратсайдан бір-бір азамат құп алып, осы істі қолға алмақшы. Жылқысын сатып алады, гранттан алған қаржы толығымен жеткілікті. Сосын ауыл тұрғындарымен келісімшарт жасаса, тұрақты айлық жасап алуына болады. Ауылдық жерде екі бастан, Сайқынның өзінде бұған келісулері екіталай. «Малымыз қолға үйренген. Өзі келіп, өзі кетеді» деуі мүмкін. Бірақ ауылдық округ әкімдері жол қауіпсіздігін, абаттандыру жұмыстарына, қоғамдық орын тазалығына келтіретін зияндарын ескеріп, осы жұмыстың оңтайлы ұйымдастырылуына мүдделі болуы керек, – дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Исатай Оз.

Бет қатталып жатқанда теміржол бойлап көк іздеген күрең сиыр пойызға соқтығысты. Құлағында сырғасы бар. Бисен ауылдық округіне қарасты шаруа қожалығының малы боп шықты. Сексен шақырым жердегі малды ауылдан келіп, рельс бойламасы анық. Өлген малдың қайдан, қалай келгені, бүгіндегі қожайыны кім екені анықталу үстінде.

-Бағымсыз мал, әсіресе түнделетіп жол торуылдаған жылқы жол апатына себепші болатыны рас. Соңғы он бес күнде үш ірі қара пойызға басылды. Екі қожайынға хаттама толтырылып, бес АЕК мөлшерінде (13 890 теңге) айыппұл салынды. Күні кеше аудандық мәслихаттың ережесіне сәйкес бағымсыз малға қатысты жауапкершілікке тарту шаралары қабылданды. Енді тек теміржолда пойызға басылған малдың ғана емес, ауыл ішінде бағымсыз жүрген мал иесіне де айыппұл салынады. Айыппұл мөлшері әкімшілік-құқықбұзушылық туралы кодекстің 408-бабына сәйкес 8 334 теңге деп бекітілді, – дейді аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Жангелді Салауатов.

Қош, сонымен тәртіпке келтірудің тетігі табылмай жүрген жайтты реттейтін ереже шығып, заңмен нақтыланды. Шимайланып, ұшы-қиырын ұстатпай келген шым-шытырықтың ұшы қолға ілікті. Нәтижесінің қандайлығы уақыттың еншісінде.

Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале