20.10.2021, 16:25
Оқылды: 30

Бағырлайдан бақ тайса...

Бірнеше жыл қатарынан орын алған қуаңшылық ауылдағы ағайынды, әсіресе малмен күн көріп, дала төсін мекен еткендерді әбден сары уайымға салды. Соның ішінде Ақжайық ауданы аумағындағы байырғы өзен – Бағырлайды жағалап, бұрын өзегі талып көрмеген шаруалар соңғы үш жылда малына берер су таба алмай қиналуда. Шыдамның да шегі бар, халі әбден мүшкілденген өзенге түсер тамшы су сұрап, шаруалар дабыл қақты. Редакцияға хабарласқан Тайпақ ауылының тұрғыны Баян Мұхамбетова Бағырлайдың жайын өз көзімізбен көріп, саралап, билікке ел-жұрттың жанайқайын жеткізуімізді өтінді.

IMG_6689

Аудан орталығынан барған өкілдерді бірқатар шаруашылық иелерімен бірге Тайпақ ауылдық округінің әкімі Болат Шәленов қарсы алды. Сәлем-саулық сұрасқан соң, ауыл басшысы өзеннің Индер ауданы Елтай ауылдық округімен шектесетін тұсына, яғни Бағырлай-4 су қоймасына жеткізді. Расында да, бір кездері балығы тулап, қамысы шулаған өзеннің жағдайы жаға ұстатарлықтай, әбден кеуіп қалған, жүректі ауыртады. «Бағырлай құрып кетеді деген ой үш ұйықтасақ, түсімізге кірмейтін. Бірақ қазіргі жағдай осы. Қаңсып, айтақырға айналды. Соңғы жылдары ауа райы да мүсіркеп тұрған жоқ, қыста қар, жазда жаңбырдың түсетін мөлшері аз. Малымызды суаратын суат таба алмай, дала кезіп тентіреп жүрміз», – дейді өзенге араша сұраған шаруалар.

Ұзындығы 80 шақырымға созылатын Бағырлай өзенінің бөлініп, аяқ жағындағы шамамен 27 шақырымдай арнасына судың келмегені әбден қынжылтады. Міне, қызық, Индермен шектескен тұстағы көпірге қақпа қойылыпты, атыраулық бөлігінде су толып тұр. Өзеннің жоғарғы емес, төменгі ағысындағы арнасында судың болу себебін сұрағанымызда, олардың  Жайықтан кіші өзенге насоспен айдап жатқанын білдік. Көз алдында арнаның өздеріне тиесілі бөлігінің семгенін көріп, әбден титықтаған шаруаларды екі адым жердегі көршілерінің судан еш тарықпайтыны ашындырады. Көпір басындағы басқосуға келген ағайын да мұны айтып, биліктің тарапынан өзенге жан бітіру үшін осындай бір қарекеттің ертерек қолға алынбағанына күйінеді.

«Азамат» шаруа қожалығының жетекшісі Нәсіпқали Бисеновтың да билік басындағыларға судан бөлек айтар базынасы бар. «Осы маңды мекен еткеніме 15 жылдан асты. Судың жоқтығы өз басына, индерлік иеліктер малын біздің аймаққа айдап, өз жерінің шұрайын сақтап, әрекет етіп отыр. Сондықтан бізде қазір жайылыс жоқ. Көз шалатын жердің бәрі тері сүйреткендей. Қожалығыма тиесілі 670 гектар бар деп айтудың өзі ұят. Малды жайылымымда қылтанақ шөп қалмаған соң, 10-15 шақырым алшақта, мына жігіттердің жерінде жаюға мәжбүрмін. Айтылған жоқ емес, көрші шаруаларға бірнеше рет ескерттім, шетінен өндірдей жас жігіттер. Бірақ одан еш нәтиже шығар емес, қайта кері шауып, қоқан-лоқы көрсетіп кетеді». Иә, жерге талас қазақ тірі тұрғанда таусылмайтын сыңайлы. Ақсақалды балағаттап, үркітіп қорқытқан басбұзарларға тоқта дейтін жан керек-ау...

Ауылдық округ әкімшілігінен алған деректерге сүйенсек, Бағырлайдың маңында 22 шаруа қожалығы бар, бұларда 833 ірі қара, 4729 уақ жандық, 965 жылқы, 20 түйе тіркелген. Әрі округке қарасты Шабдаржап пен Томпақ ауылының 2 ауыл шаруашылық өндірістік кооперативіне тиесілі  439 бас ірі қара да осы алқапта жайылады.

IMG_4253

Екі кооперативтің бірінің тізгінін ұстап отырған Болат Ғабдуалиев бірнеше жылдан бері қордаланған мәселенің егжей-тегжейін тарқатып берді: «Осыған дейін арнаның түбінде қалған там-тұм суды малға талғажау етіп, өлместің күнін кешсек, биыл жағдай мүлдем күрделене түсті. Шабдаржап пен Томпақтың малына ішер су жоқ. Ауылға осыдан бірнеше жыл бұрын «Ақбұлақ» бағдарламасымен ауыз су құбыры жеткізілген болатын. Амал нешік, таңертеңнен кешке дейін жайылып келетін қой-ешкісіне ауыл тұрғындары осы суды береді. Ал бағымдағы сиырларды суару үшін «Орал – Атырау» күрежолын күніне төрт мәрте кесуге тура келеді. Таңмен жолдың арғы жағындағы жайылымға шығатын табынды түстен кейін Жайыққа айдаймыз. Одан шөлін қандырып болған соң, кері қайтару тағы керек. Сөйткенде жеріміздің байлығы – өзен бойындағы ен тоғайымызды да құртып бітіруге жақындадық. Малдың аузын бітеп қоймаймыз ғой, жүрген жолындағы терек-бұталарды жайпап барады жеткенше».

Оның айтуынша, осындай қолайсыздықтарға байланысты бағымдағы малға қарайтын жан табу да қиынға түсуде. Себебі жолдан әрлі-берлі өткен түлікке көлік соқтығысып, иелерін, әрі бақташыларды сотқа сүйреп, әлек. Айталық, АӨК-ке қатысты биыл осындай екі жағдай тіркеліпті. Алғашында көлік иесі кооперативтен 4 млн. 200 мың теңге өндіріп алуға ниеттенген көрінеді, абырой болғанда, сотта бұлардың кінәсіз екені дәлелденген. Бір-екі күнде Б.Ғабдуалиев тағы да соттың алдында бармақ. Енді көлік иесі келтірілген шығынның есебіне 1 млн. теңге талап етіп отыр.

«Өздеріңіз көріп отырғандай, өзеннің Атырауға тиесілі бөлігіне көршілер насоспен су айдап отыр. Солармен келісіп, қаражатын төлеп болса да, көпір қақпасын аштыртса, игі болар еді. Неше жыл болды, сусыз қалғанымызға. Малмен күн көріп отырған ауыл үшін, ең жаманы осы-дағы. Құдық қазып, су шығарыңдар дейді. Бізде биыл 7 құдық қазылып, оның 5-еуі бітеліп қалды. Жыл сайын жаңа құдық қаза беретіндей, шаруалардың жағдайы да мәз емес», – деп ашынды Тайпақ ауылында өткен суландыру жүйесіне жауапты мекеме басшыларымен жүздесуде Баян Мұхамбетова.

Баян мухамбетова

Осы орайда шаруалармен басқосуға арнайы келген «Қазсушар» РМК облыстық филиалы өкілдерінің де уәжіне құлақ түргенді жөн көрдік. Олардың айтқанына сүйенсек, соңғы үш жылда орын алған қуаңшылық тек Ақжайыққа ғана емес, өзге аудандарға да қиындық тудыруда. Айталық, 2019 жылы Жайықтың деңгейі 2,4 метр болса, былтыр 3,07, ал биыл 3,58 метрге көтерілген. Ал осы өзеннен бастау алатын кіші өзендердің арнасы толуы үшін судың деңгейі кем дегенде 6 метрге дейін көтерілуі керек. Жайықтан негізінен 600 млн. текше метр су алуға рұқсат бар, бірақ биыл соның тек 250 млн. текше метрі ғана Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесіне жіберіліпті. Себеп жалғыз – өзенде су жоқ. Алынған су көлемінің 30 пайызы, яғни 74 млн. текше метрі бүгін мәселе басына көтерілген Бағырлайға жан бітіретін Тайпақ магистралды каналына бөлінді. Десе де, осы су көлемінің Тайпаққа жететін түрі жоқ, себебі жолшыбай  жергілікті шаруалардың сұранысымен 199-бекеттен қарасуға су шығарылып, Қарақұдыққа таралған. Қалғаны бау-бақшаларға құйылса, көктемде азын-аулақ көлтабандарға су алғандар да бар.

– Бағырлай-4 қоймасына су берейік десек, Жайықтан түсіп жатқан су көлемі секундына тек  1 ғана текше метр. Ал жан-жаққа таратып отырған су – 6 текше метр. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, су орташа деңгейде болғанда, Жайықтан секундына 10-15 текше метр кіруші еді. Яғни көлемі 10-15 есе азайды. Жайық-Көшім суландыру жүйесінің бойында 4 су қоймасы бар десек, Бағырлай солардың бірі – Дөңгелектен нәр алады. Ал мұнда судың тек 30 пайызы ғана қалды. Осы қойманы сумен толтырар Бітіктің де табаны көрінуге жақын. Оның сыйымдылығы 106 млн. болса, қазір 9 млн. текше метр су бар. Бұл бұған дейін болып көрмеген көрсеткіш, – дейді «Қазсушар» РМК облыстық филиалының инженері Шымболат Бекмағамбетов.

Жоғарыда айтылғандай, Жайықтан рұқсат етілген су көлемін түгел алмайынша, облыстың ең шеткі аймағы – Тайпаққа судың келуі неғайбыл. «Келер жерін кең қылсын» деп, қара судың өзін пұлсыз бермейтін көрші елдің мейіріміне де, рақымына да сеніп қажеті жоқ сияқты. Сонда тығырықтан шығар жол қайда?

«Жайықгидрогеология» ЖШС мамандарының пайымдауынша, Тайпақ өңірінде судың дені ащы. Бірақ егер ұсыныс түссе, тұщы судың қорын іздеуге дайын. Осы жүздесуде мекеме өкілдері шахталық құдық қазу, оның бағасы жөнінде біраз түсінік беріп өтті. Несі бар, су келгенше, амалдай тұруға болатын бұл да бір әрекет.

Шаруалармен жүздесіп, мәселенің мән-жайын түсіндіруге келген аудан әкімінің орынбасары Асқар Әбуғалиевтің сөзінше, Жайыққа су мол келгенде, Атамекен ауылының тұсындағы ескі арнамен Бағырлайға еш кедергісіз құйылады. Ал қазір кіші өзенді тек Тайпақ каналы ғана суландырып отыр, оның өзі де мардымсыз.

– Біз Бағырлайдың жайына әбден қанықпыз. Бәрімізді де кеуіп қалған өзеннің халі қатты алаңдатады. 2019 жылы, өздеріңіз білесіз, Жайықта су соңғы 100 жылда болмаған деңгейге төмендеді. Оған дейін кіші өзендерге су молынан құйылатын. Әрі қыста тоң тұрмай, жазда жаңбырдың да аз жаууының салдарынан Бағырлай құрғап қалды. Одан кейін келген судың да деңгейі көңіл көншітпейді. Алпыс күн тасыған судың алты күнде қайтарын мықтап ұғындық. Су тапшылығы ең алдымен малға, екіншіден жанға ауыр сезілуде. Осыған дейін Томпақ ауылының тұсынан Жайықтан Бағырлайға тікелей құбыр тартамыз деп жоба жасауға ниет еткенбіз. Бірақ мұның реті шықпады, екі ортада көсіліп жатқан жол бар, әрі сол жолдың бойымен электр желілері, газ құбырлары тартылған. Соларды басқарып отырған мекемелерден суға арналған құбырды төсеу үшін рұқсат алуға тиіспіз, әрі бұл өте қымбатқа шықпақ. Сонымен айналысып жүргенде, уақыт осылай текке өтіп кеткенін мойындауымыз керек. Ендігі жол – Атамекен ауылының тұсындағы ескі арнаға Жайықтан су айдау үшін қуаты мол, қалқымалы насос станциясын орнату. Әрине, бұл да қаражатты талап етеді. Бір ауданның бюджеті мұндай ірі жобаны көтере алмасы анық. Сондықтан облыс әкімдігінен қолдау сұрап отырмыз. Қазіргі таңда Атамекен ауылынан Жайық өзеніне дейін 5 шақырым электр желісін тарту үшін жобалық-сметалық құжаттар жасақталуда. Электр желісі 2022 жылы жеткізілуі керек. Құрылғының  орнатылуы, оқай-соқай жабдықтарды қоспағанда, қалқымалы насостың өзіне жүз миллионн теңгеден астам қаражат қажет, – дейді А.Батырханұлы.

Көріп отырғанымыздай, Бағырлайды мекендеген шаруалардың бар үміті – Жайықтың тасуы мен Тайпақ каналынан түскен суда емес, осы насоста. «Іргемізден аққан өзеннің пайдасын көре алмай отырмыз ғой» деп бір жұтым суға зар болып, шамданған малшы ағайынның жанайғайына облыстағы атқамінерлер құлақ түріп, мәселені тезірек шешсе, игі. Ұзынсақалды кейбір жобалар сықылды бірнеше жылдың төңірегіне созылса, әбден қаңсыған өзеннің ертеңгі жайы, сол суға мұқтаж ауылдың жайы не болмақ? Бағырлайдың бағы тайса, Шабдаржап пен Томпақтағы ел-жұрт күнкөріс көзі – малынан айырылады. Ағайынның тек осы мал үшін ғана ауылда отырғаны аян, басқа жұмыс көзі жоқ. Бетін әрмен қылсын, 1-2 жылда малға беретін су келмесе, ауылдан адамдардың жаппай қоныс аударатыны да тағы ақиқат. Қарап отырсаңыз, осы ауылдарға газ да, су да тартылған, еңселі білім ордасының Шабдаржапта бой көтергеніне 3-4 жылдың шамасы болды. Билік басындағылар  адам ауылдан үдере қашса, осы игіліктердің түкке де қажеті болмай қалатынын ойласа, игі. Ел ертеңі – ауыл екенін ұмытпалық.

Әлия Шарапиева,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале