Алдағы жексенбіде, яғни 24 желтоқсан күні Бәйтерек ауданы Байқоныс ауылдық округі әкімін сайлау болады. Соған орай аудандық аумақтық сайлау комиссиясына алты адам өз кандидатурасын ұсынып, бесеуі тіркеуден өткен еді.
Кеше Байқоныс ауылында ұйымдастырылған сайлауалды пікірсайыста осы бес кандидат округ тұрғындарымен кездесті.
Дебат барысында үміткерлердің өмірбаяны туралы мағлұмат беріліп, олардың сайлауалды бағдарламаларымен таныстырылып, кандидаттар бір-біріне сауал қойып және тұрғындардың сұрағына жауап берді.
Округ әкіміне үміткерлердің сөз бен ой додасы тартысты өтті. Ауыл тұрғындары тарапынан округтің әлеуметтік-экономикалық жағдайын одан әрі дамытуға, соның ішінде жергілікті бюджеттің кірісін артыруға, Новенкий ауылындағы балабақшаның жағдайына қатысты сұрақтар қойылды. Бұл сауалдарға үміткерлер өз деңгейінде, түрліше жауап берді.
Кездесу облыстық аумақтық сайлау комиссиясының әлеуметтік желідегі ресми парақшасы тікелей эфирден көрсетілді.
Айта кетейік, Байқоныс ауылдық округінде төрт сайлау учаскесі бар, онда 4 660 сайлаушы тіркелген.
Нұрсәуле Жәнібекқызы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz