Кеше Бәйтерек ауданының Байқоныста ауылдық округі әкімінің сайлауы өтті.
Саяси науқанға 5 кандидат өзін-өзі ұсыну тәртібімен қатысты. Сол күні Байқоныс, Володар, Жайық, Новенкий ауылдарында сайлау учаскелері жұмыс жасады. Тіркелген 4660 сайлаушының 1612-сі дауыс берді. Сайлау нәтижесі бойынша Азамат Қоңыров ең көп, яғни 627 дауыс (41,3%) жинады.
Ауа райының қолайсыздығына орай 2 автокөлік шығарылып, олар тұрғындарды сайлау учаскелеріне тасымалдады. Ал Володар ауылында азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрменкеге келген Орал қаласының және Дариян ауылының кәсіпкерлері жеміс-жидек, көкөніс, бал, ет, шұжық секілді азық-түлік өнімдерін нарықтағыдан төмен бағамен ұсынды.
Володар ауылында тұратын Сәрсенғалиевтар жанұясы сайлауға бәрі, яғни дауыс беру құқығы бар отбасы мүшелері келді.
- Біз осы уақытқа дейін ауылымызда өткен барлық сайлаудан қалмай қатысып келеміз.
Дауыс беру біздің отбасы үшін дәстүрге айналды. Жалпы мұндай саяси науқанға бейжай қарай алмаймыз. Себебі олар - ауылымыздың, еліміздің жарқын болашағы үшін ұйымдастырылып жатқан іс-шаралар. Байқоныс ауылдық округіне әкім болып кім сайланса да іскер, адал, әділ, абыройлы, халқына жақын болсын деп тілейміз, - дейді әулеттің үлкені Самиғолла Әдиетұлы.
Нұрсәуле Әбілпейісова,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz