Егер бюджеттен қаражат бөлінсе, биыл Көшім ауылдық округында ауылішілік жолдарды жөнделіп, электр желілері жаңартып, Ақсу, Кіші Шаған ауылдарына су кіргізу бағытындағы жұмыстар жүргізілмекші. Аудандық мәслихат депутаттарының Көшім ауылдық округі тұрғындарымен кездесу кезінде осы жайт әңгіме өзегіне айналды.
Жиынға облыстық мәслихат депутаты Есен Сүндетов, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлыбек Хайруллин, аудандық мәслихат депутаты Думан Шанов, Көшім ауылдық округі әкімі Ауған Альмурзин және аудандық бөлім, мекеме басшылары қатысты.
Өткен жылы халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлары туралы баяндаған Нұрлыбек Қажымұратұлы көктемгі су тасқыны кезінде белсенді болғаны үшін ауыл тұрғындарына алғысын білдірді.
Сұрақ-жауап форматында өткен жиында ауыл тұрғындары жалпыға ортақ мәселелерді ортаға салды. Мәселен, Болат Шондыбаев ауылішілік жолдардың қашан жөнделетінін сұрап, мал бағу үшін алған 10 соттық жерінің аздық ететінін айтып, қосымша жер сұрады. Оған аудандық ТҮКШ басшысы Аслан Даубаев Ақсу, Кіші Шаған ауылдарына су кіргізу биылғы жоспарға енгізілгенін айтты. Ауылішілік жолды жөндеу де жоспарда бар. Мысалы Көшім ауылындағы 4,8 шақырымдық жолда жаңартуға 86 млн теңге, Үлкен Шаған ауылындағы 3,8 шақырым жолды жөндеуге 36 млн теңге қажет. Қазіргі уақытта құжаттарды тапсырылды. Егер қаражат бөлінсе, жұмыс басталады. Жер мәселесіне қатысты сұраққа жауап берген аудандық мәслихат төрағасы өтініш беру тәртібін, оған қажет жайттар жөнінде түсіндіріп берді.
Ауыл тұрғыны Қуаныш Хайруллин Үлкен Шаған ауылындағы тозығы жеткен электр желілерін жаңарту керектігін сөзге тиек етті. Оған жауап берген аудандық мәслихат депутаты Думан Шанов бірінші кезекте Көшім ауылындағы электр желілері жаңартылатынын, содан соң бұл іс Үлкен Шағанда жалғасатынын атап өтті. Юрий Плотников апатты жағдайда тұрған Үлкен Шаған мектеп-балабақша кешеніне байланысты мәселе қашан шешімін табылатынын сұрады. Сөз алған Нұрлыбек Қажымұратұлы жаңа мектеп салу жоспарда бар екенін, соған сәйкес тиісті құжаттар тапсырылғанын, республикалық бюджеттен қаржы бөлінсе, жаңа ғимарат бойкөтеретінін айтып, ел тілегі ескерусіз қалмайтынын, ауылдағы өзекті мәселелер шешімін табатынын да жеткізді.
Саида Жайық
Бәйтерек ауданы