29.05.2021, 16:31
Оқылды: 305

Бәйтерек ауданы Достық ауылында жаңа балабақша ел игілігіне берілді

Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім беру мекемесімен қамту деңгейін 100 пайызға жеткізу қажеттігін тапсырған-ды. Осыған орай қазір мемлекет пен жекеменшік әріптестік аясында балабақшалар ашылуда. Яғни, кәсіпкерлер мемлекет жасаған мүмкіндікті жібермей, «Балапан» бағдарламасын жандандыруға ден қоюда. Тіпті жеке инвестициялар тарту арқылы да біраз балабақша ашылды.

IMG-20210529-WA0060

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Бәйтерек ауданы Достық ауылдық округінде кәсіпкер Айнұр Сұлтанова мен жолдасы Таймас «Инаят» жеке балабақшасын ашып, ел игілігіне берді. Бүлдіршіндер мен ата-аналарды қуанышқа бөлеген салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Мұрат Бәйменов, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Серік Сафиуллин, ауылдық округ әкімі Әбубәкір Төлеуов, аудандық мәслихат депутаты Ұлданай Сейтқалиева және Достық ауылының тұрғындары қатысты.

Бес мыңнан астам халқы бар ауылда балабақша болғанымен, ол сұранысты қанағат етпей келіпті. Өйткені көшіп келушілер саны күн сайын артуда. Сондықтан жаңа мекеменің ашылуы ауыл тұрғындарына ерекше қуаныш сыйлады.

IMG-20210529-WA0068

- Мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылып жатқан игі істер жетерлік. Елге пайдасы тиер істерді қолға алған кәсіпкерлер де бар. Көп жылдар бойы ауылдың басты мәселелерінің бірі саналған балабақша жайын шешіп берген кәсіп иелеріне барша ауыл тұрғындары және аудан басшысы атынан үлкен алғысымды білдіремін, - деді өз құттықтауында аудан әкімінің орынбасары Мұрат Бәйменов.

Бұдан бөлек Мұрат Болатұлы жаңа ашылған балабақша ауданда бой көтерген жетінші жеке балабақша екенін де атап өтті.

Сондай-ақ салтанатты шара барысында аудандық білім беру бөлімінің басшысы Серік Сафиуллин де сөз алып, үлкен іс атқарған кәсіп иелеріне алғысын жеткізді.

Жеті жылдан бері облыс орталығы мен ауданда жеке балабақшалар ашып, кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкер Айнұр Сұлтанова жаңа білім ордасы оның ел үшін ашқан төртінші балабақшасы екенін атап өтті.

IMG-20210529-WA0064

- Ең алғаш Орал қаласынан, кейін Трекин ауылынан балабақша аштық. 2018 жылы Достық ауылындағы бір ғимаратты балабақшаға бейімдеп, жұмыстандық. Бірақ халық санының ұлғаюы көпшілік сұранысының артуына алып келді. Сол себепті арнайы жер рәсімдеп, жаңа балабақша құрылысын бастауды жөн көрдік. Бір жылдан аса бергенде ел игілігіне тапсырудың сәті түсті. Жаңа ғимаратты тұрғызу барысында отбасымыз үлкен қуанышқа кенеліп, қызымыз көрінді. Сол себепті балабақшаға кенже қызымыз Инаяттың есімін бердік. Ғимаратымыз ел игілігіне беріліп жатқанына қуаныштымыз, - дейді бөбекжай салған кәсіп иесі Айнұр Сұлтанова.

100 орынға шақталған жаңа балабақша заманауи талаптарға толықтай сай келеді. Екі жастан бес жасқа дейінгі балалар қабылданады. Елде қалыптасқан жағдайға байланысты мектепке дейінгі білім беру орнында кезекші топтар ғана ашылған. Сонымен қатар мекеме ауылдың 11 тұрғынын жұмыспен қамтып отыр.

IMG-20210529-WA0074

IMG-20210529-WA0061

IMG-20210529-WA0072

IMG-20210529-WA0073

IMG-20210529-WA0065

Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале