6.07.2024, 15:30
Оқылды: 175

Бәйтерек ауданы Мичурин ауылында Астана күні аталып өтті

Бәйтерек ауданына қарасты Мичурин ауылында «Жарқырай бер, Астана!» атты елорда күніне арналған мерекелік концерт өтті.

IMG-20240706-WA0021

- Астана – еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Елордамыз құрылған сәттен бастап еліміздің даму моделі жетістіктерінің айқын көрінісі болды» деген еді. Бүгінде бас қаламыз барша жұртымыздың ынтымақ-бірлігінің символына айналды. Мемлекетіміздің жарқын болашағына жол ашатын тағдырлы шешімдер осы жерде қабылданатыны белгілі. Әлем көзтіккен Астанамыз көркейіп, дами берсін!

Кешегі су тасқыны кезінде Мичурин ауылдық округінде аса қиын жағдай туындады. Су тасқынының үш кезеңін, яғни алғашқыда жауын-шашынның салдарынан, Шаған өзеніндегі, одан кейін Жайықтағы су деңгейінің көтерілуінен болған су құрсауларымен күресте жергілікті тұрғындар ауызбірлігін, күш-жігерін таныта білді. Ауылдағы баскөтерер жанашыр азаматтар да сырт қалмай, сүбелі үлестерін қосты. Осылайша бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарудың нәтижесінде су тасқыны алдын алынып, ауыздықталды. Сол кезде белсенді әрекетімен көзге түскен мичуриндіктерді бүгінгі мереке аясында құттықтап, марапаттағымыз келеді,-деді мерекелік кешті ашқан аудан әкімінің орынбасары Мұрат Залмұқанов.

IMG-20240706-WA0020

Іс-шара барысында ҚР ТЖ министрінің бұйрығы негізінде кәсіпкерлер Муса Гурсаев «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен, Артем Аршавян Құрмет грамотасымен, Мичурин ауылдық округінің әкімі Максим Мусалимов Алғыс хатпен марапатталды. Ал ауылдық округтің бір топ тұрғыны аудан әкімінің Алғысхатын алды.

Өз кезегінде сөз алған Мичурин ауылдық округінің әкімі Максим Мусалимов тасқын уақытында ауыл тұрғындары ұлтына, дініне қарамастан бірлесіп еңбек еткенін атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, осы уақытта күніне 300 адамдай шығып ортақ іске үлес қосқан. 38 мың дана қапшыққа құм толтырылған. Мичуриндік нәзік жандылар жұмыс істеп жүрген азаматтарға үйлерінен тамақ дайындап алдып келді. Мичуриннің тумасы болып табалытн ал қазіргі уақытта еліміздің өзге өңірлерінде, облысымыздағы басқа аудандарда тұратын азаматтар ақшалай, заттай және өзге де қажетті нәрселермен көмектескен. Сол үшін айтар алғыс зор.

Ауыл тұрғындары атынан жиналғандарды мерекемен құттықтаған Қарлығаш Ғұбашева су тасқынын кезінде әрдайым халықтың жанынан табылып, өздері де елмен бірге еңбектеген аудан басшылығына, депутаттарға, кәсіпкерлерге, түрлі сала қызметкерлеріне, жастарға, жалпы жұртшылыққа ризашылығын білдірді.

IMG-20240706-WA0022

Концертте Аягөз Бейсова, Нұргүл Қуанова, Дилора Сағын, Ерасыл Маратов сынды жергілікті өнерпаздар ән салды. Кітапхана қызметкерлері жасақтаған «Астана – ару қала» кітап көрмесі таныстырылды.

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале