16.06.2024, 16:30
Оқылды: 58

Бәйтерек ауданы: "Отбасы саулығы – ұлт байлығы"

Мемлекет тарапынан отбасы денсаулығын сақтау мен нығайтуға көп көңіл бөлінеді. Жанұяның әр өкілінің – жаңа туған нәрестелерден қарттарға дейінгі денсаулық көрсеткіштерін жақсартуға, әйелдер мен ерлердің репродуктивтік денсаулығы, жүктілік және сәтті босану, жастарға кеңес беру, вакцинациялау арқылы инфекциялық аурулардан қорғау секілді бағыттар бойынша көп жұмыстар атқарылуда.

InShot_20240615_204744751

Эльвира Әбілова Байтерек ауруханасындағы отбасылық денсаулық сақтау орталығына жетекшілік жасап келеді. Яғни жоғарыда жазған іс-шаралардың басы-қасында жүреді. Айта кетейік, аталмыш орталық емдеу орнында тіркелген жанұяларға зерттеу жүргізіп, ондағы адамдар қандай сырқатпен ауыратынын, денсаулыққа қатысты қандай мәселелер бар екенін анықтап, сараптап отырады. Орталықта 13 жалпы тәжірибелі аймақ болса, олардың әрбірінде жалпы тәжірибелі дәрігер, 3 медицина қызметкері және бір әлеуметтік қызметкер бар. Олар өздеріне бөлінген учаскідегі отбасылардың денсаулығын нығайту бағытында жұмыстар атқарады. Эльвира Нұрланқызы осынау жұмыстардың бәрін бақылап отырады.

1989 жылы Жәнібек ауданы, Борсы ауылында дүниеге келген кейіпкеріміз М.Оспанов атындағы БҚММУ-ді "Жалпы медицина" мамандығы бойынша 2014 жылы аяқтап, аудандық ауруханаға жұмысқа орналасқан.

- Басында ауруханаға жұмысқа келгенде, тәжірибем болмаған соң, қиын болғаны рас. Тіпті құжаттың жай жеріне қол қоятыныма дейін сұрастырып жүретін едім. Әріптестерімнің көмегімен біраз нәрсені үйрендік. Көп кешікпей отаға, сауықтыру шараларына жіберілетін адамның жолдамаларын, өзге де құжаттарды дайындау қиынға соқпайтын болды. 2020 жылы пандемия уақытында денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен облыстық жұқпалы ауруханаға жолданып, қызметімді атқарып, тәжірибе жинап келдім. 2023 жылы аль-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы Al-Farabi Business School магистратурасын аяқтадым. Осы сәтті пайдаланып, әріптестерімді Медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтағым келеді. Бұл күн тек денсаулық сақтау саласында қызмет жасайтындардың мерекесі емес, бүкілхалықтық мейрам деп есептеймін. Өйткені, әр адам үшін оның денсаулығы мен өмірінен артық құндылық жоқ. «Тәні саудың – жаны сау» деген халқымызда дана сөз бар. Сондықтан бүгінгі таңда аурудың алдын алу біз үшін өте өзекті болып қала бермек. Әріптестерімнің ел мүддесі жолындағы қиындығы мен қуанышы мол еңбектеріне табыс, отбастарына амандық тілеймін, - деді Эльвира Нұрланқызы.

Салтанат Серікбайқызы,

Бәйтерек ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале