Кешегі су тасқыны кезінде Бәйтерек ауданының он ауылдағы 77 үйге су кірді. Қазіргі таңда комиссия шешімімен солардың 8-і апатты жағдайда деп танылған. Оның алтауы Махамбет ауылында болса, біреуі Достықта, соңғысы Көшім ауылдық округіне қарасты Ақсуда. Соңғы екеуіндегі үйлер сатып алынатын болып шешілсе, Махамбетте жаңа баспаналардың құрылысы басталды.
Орал қаласы жағынан кіреберіс бетте, яғни Махамбет ауылының шығыс жағында қос пәтерлі үш үйдің құрылысы екі аптадай уақыт бұрын, яғни Жеңіс күні мерекесінен соң басталған. Баспаналарды салып жатқан мердігер компания басшысы Артур Қабдығалиевтің айтуынша, қазір үйлердің іргетасы қалануда. Ал іргетасы мықтап әрі биік етіп құйылып жатыр. Нақтылап айтқанда, іргетастың биіктігі 80 сантиметрді құрайды. Қабырғасы керамзит блоктан көтеріліп, жылу сақтағыш салынып, сыртын қаптама қызыл таспен қалау жоспарланып отыр. Әр пәтердің аумағы 80 шаршы метр болатын бұл баспаналарда асхана және үш бөлме және санитарлық торап қарастырылған. Жалпы бір үйге 20 миллион теңгеден аса қаржы салынған. Құрылыс материалдары тоқтаусыз жеткізіліп жатыр. Әзірге туындап тұрған мәселе жоқ. Қазір мұнда 6 адам жұмыс істеп жатыр. Ертең қабырғасын көтеру басталған кезде құрылысшылар саны артады.
- Үйлері апатты деп танылған махамбеттіктердің кейбірі жаңа баспаналарын аулаларынан салуға ниет білдірді. Бірақ ол жерлерді су басу қаупі болғандықтан рұқсат берілген жоқ. Таңдалып алынып, құрылыс жүріп жатқан жер биіктеу әрі инженерлік коммуникацияларға жақын орналасқан. Кесте бойынша бұл үйлерді тапсыру мерзімі тамызға белгіленгенімен, біз мердігермен келісіп шілде айында бітіруді жоспарлаудамыз, - дейді аудан әкімінің орынбасары Мұрат Залмұқанов.
Махамбет ауылдық округінің әкімінің Бейбіт Аманғалиевтің сөзіне қарағанда, ауылда 27 үйге су кірді. Комиссия, соның ішінде бағалаушылар (отценщик) бұл баспаналардың 6-уын апатты жағдайда деп тапты. Қалған үйлер жөндеуге жатады деп шешілді. Қазіргі таңда олардың отыз пайызы үйлерін жөндеу үшін мемлекеттен көмек қаржы алды. Қалғандарына да көп кешікпей беріледі.
Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz