15.11.2021, 9:30
Оқылды: 82

Бәйтерек ауданында Алексей палуанды еске алу турнирі өтті

Бәйтерек ауданы орталығындағы дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында КСРО спорт шебері, белгілі бапкер, Қазақстан, Әзірбайжан, Тәжікстан елдерінің чемпионы Алексей Пономаревті еске алуға арналған аудандық ашық турнир өтті.

9

Басты мереке – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орайластырылған бозкілем бәсекесіне өңірдің алыс-жақын аудандары мен Орал қаласынан келген 150-ге жуық палуандар қатысты. Облыстың үздік жас грек-рим күресі шеберлері мен мықты бапкерлерінің басын Переметныйда тоғыстырып, спортсүйер қауымға күрес мерекесін сыйлаған байрақты бәсекені Алексей Пономаревтің шәкірті Нұрбек Жанғалиев пен аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі және «Бәйтерек» спорт клубы ұйымдастырды.

8

Бар саналы өмірін күреске арнаған бозкілем шеберін еске алуға арналған жарысты тамашалауға аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев, БҚО грек-рим және еркін күрес федерациясының президенті Төлеген Досболатов, КСРО спорт шебері Батырбек Қазиев, спорт ардагері Иван Юнусов және Алексей Викторовичтің жұбайы Антонина Павловна, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Агдам Хабибуллин келді.

11

10

-Ауданда грек-рим күресі жақсы жолға қойылған. Спорттың осы түрінің дамуына Алексей Пономаревтің де қосқан үлесі бар. Переметный төріне келіп, үздік өнер көрсеткен спортшылар кешегі Қажымұқан мен Жақсылық сияқты қазақ атын әлемге мәшһүр еткен бабаларымыздың жолын жалғаған чемпион болады деп сенеміз. Бабы мен бағы қатар шапқан, дайындығы мығым спортшы жеңіске жетсін,-деді аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев бәсекенің ашылу салтанатында.

Кейін А.Пономаревтің жары Антонина Павловна сөз алып, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірсе, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Агдам Хабибуллин спортшыларға сәттілік тілеп, Алексей Пономаревтай спортқа еңбегі сіңген жандарды ұмытпаған шәкірттері мен аудан басшылығына ризашылығын білдірді.

7

2008-2009, 2010-2012 және 2013-2015 жылдары туған жасөспірімдер мен жеткіншектер бақ сынаған бозкілем бәсекелері тартысқа толы болды. Грек-рим күресінің барлық әдемі қырын көрсеткен жас палуандар көрермен қауымды желпіндірді.

Қорытындысында 20 келі тартатын ең кіші палуандар бәсекесінде Даир Айдар жеңімпаз атанса, 25 келіде Аян Хайруллин, 29 келіде Арнұр Серік, 33 келіде Рахман Ізбасар, 38 келіде Санжар Жұмабеков сияқты жас бозкілем шеберлері жеңімпаз атанды. Одан бөлек, 45 келі тартатын балалар арасында Мұрат Есенжоловқа тең келер жан болмаса, 48 келіде Марғұлан Аблахат, 51 келіде Арман Қожағали, 55 келіде Әли Қалқаман, 58 келіде Қайрат Исмуханов жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

12

Сонымен қатар жүлде алмаса да, жақсы өнер көрсеткен Юсуп Мирамғалиев «Ең жас палуан», Ерасыл Бақтығали «Жеңіске деген жігері үшін», Данияр Дәукенов «Үздік әдіс-тәсіл жасағаны үшін» аталымдармен марапатталды. Ал жалпыкомандалық есепте үшінші орын Теректі, екінші орын Орал, бірінші орын Бәйтерек ауданының командасына бұйырды.

13

Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар мен мақтау қағаздары және бағалы сыйлықтар табысталды.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале