12.05.2024, 17:30
Оқылды: 61

Бәйтерек ауданында аналар форумы өтті

Мамырдың екінші жексенбісі Аналар күні ретінде бекітілуіне орай биыл алғаш рет 12 мамырда осынау мереке елімізде кең көлемде тойлануда. Ананы құрметтеу, сүйіспеншілігі мен қамқорлығына алғыс айту үшін аталып өтілетін мейрамға орай Бәйтерек ауданында "Анаға тағзым" атты аналар форумы ұйымдастырылды. 

IMG-20240511-WA0070

Аудандық білім беру бөлімінің мұрындық болуымен Мичурин мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінде ұйымдастырылған бұл іс-шара отбасы институтын нығайту, рухани-адамгершілік, ұлттық құндылықтарды дамыту, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және аналарға құрмет көрсетуді мақсат тұтты. Оған аудан көлеміндегі 46 мектептен 120-ға өкіл, яғни білім ұяларының басшылары, мұғалімдер, аналар комитетінің жетекшілері келді.

IMG-20240511-WA0094

Форум ұстаздардың өзара тәжірбие алмасуымен басталды. Мәселен, Т.Бигелдинов атындағы орта мектеп мұғалімдері "Әрбір бала бір жұлдыз", Қ.Аманжолов ЖОББМ "Үштік одақ - балаға жан-жақты тәрбие берудің негізі", Достық мектебі "Лудомания - қоғам дерті", Мичурин МББ кешені "Тәліммен өрілген біздің дәстүр" тақырыптарында ашық сабақтар өткізді.

IMG-20240511-WA0088

Бір сағатқа созылған ашық сабақтар аяқталғаннан кейін форумға жиналғандар Мичурин мектебінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен, жетістіктерімен танысты. 14 ұлт өкілі оқитын мектепте "Достық" атты кіші ассамблея клубы жұмыс істейді. Осы клуб мүшелері қонақтарға арнап өнерлерін ортаға салды.

Содан соң Аналар форумының ресми бөлімі басталды. Аудандық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Баянова мен Мичурин мектеп-бөбекжай-балабақша кешені директоры Алмагүл Кенжебаева жиналғандарды мерекемен құттықтап, бұл күннің мән-маңызына тоқталып, форум жұмысына сәттілік тіледі.

IMG-20240511-WA0086

Жиында сөз алған «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Бибігүл Ахметжанова атап өткендей, баланың бойында ұлттық құндықтарды қалыптастыруда ата-ана  мен педагогтар көп тер төгуі керек. Қазіргі жаһандану заманында, баланың бәрі гаджетке арбалған уақытта жас ұрпақтың бойына ұлтымыздың тәрбиесін сіңіре білу оңай іс емес. Сол себепті балалар өзінің ана тілін, салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын, туған тарихын жақсы білуі үшін үйде де, мектеп те барынша мұмкіндік туғызылуы керек.

Форум соңында аталмыш іс-шараға белсене қатысқандарға аудандық білім бөлімі басшылығы тарапынан алғыс айтылып, гүл шоқтары ұсынылды. Одан кейін жиналғандар оқушылардың шағын концертін тамашалады.

Салтанат Зұлқарнаева,

Мичурин ауылдық округі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале