21.05.2024, 12:45
Оқылды: 71

Бәйтерек ауданында он ауылдың жолы жөнделеді

Биыл Бәйтеректе он ауылдың жолы жөнделмекші. Былтырғы жылмен салыстырғанда жұмыс көлемі аздау. Жалпы ұзындығы 30 шақырымға жуық жол жаңа кейіпке енеді деп жоспарланып отыр, оған 3,5 миллиард теңге қаралған. Округ орталықтарын күре жолмен жалғайтын жолдардың соңғы жылдары көптеп жөнделуі бұл істің бірыңғайлана келгенін көрсетсе керек. Енді елді мекендердің кіреберістеріне қатқыл табанды жол төсеу мен ауылішілік жолдарды жөндеуге назар аударылуда.

байтерек жол январцево красноармейск (2)

 Таяуда аудан әкімі Марат Тоқжанов осы бағыттағы жұмыстарымен танысу мақсатында Январцев, Дариян, Байқоныс, Мичурин ауылдық округтарында болып келді.

байтерек жол январцево красноармейск (1)

Аудан басшысы бірінші Январцев ауылдық округіндегі Красноармейск ауылына атбасын бұрды. Мұнда 1,7 шақырым кіреберіс жол жөнделмекші. Жоба құны 230 миллион теңге. Жол жөндеп жатқан мердігер компания басшысының орынасары Анатолий Честюговтың айтуынша, су тасқыны салдарынан жердің ылғал болуына орай жөндеу жұмыстары енді ғана басталып жатыр. Қазір жер төсемі дайындалып, құрылыс-монтажы жүріп жатыр.

байтерек жол январцево красноармейск (3)

Бұл мердігер компания Дариян ауылдық округінің Озерный ауылының да кіреберіс жолын (2 шақырым) жөндемекші. Әкім қос ауылдағы жол құрылысын қатар жүргізіп, екеуін де шілде айының ортасына дейін сапалы етіп аяқтауға күш салу керектігін тапсырды.

байтерек жол январцево красноармейск (4)

Байқоныс ауылдық округіне қарасты Новенькийдегі ауылішілік жолды күрделі жөндеу, тротуар салу жұмыстары да енді басталыпты. Мердігер компания директоры Артем Аршивелянның сөзінше, құм-қиыршықты қоспаға (пгс) байланысты қиыншылықтар бар. Ақшасы төленіп қойғанымен, оны Жайық ауылындағы карьерден жеткізу су тасқыны салдарынан қазір мүмкін болмай тұр. Бұйыртса, бір-екі аптадан соң, яғни су тартылғаннан кейін жеткізу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда ескі асфальттің беткі бөлігін алу жұмысына 7 бірлік техника мен 10 адам тартылған.

байтерек жол январцево красноармейск (5)

Ал Мичуриндегі жалпы ұзындағы 5 шақырым болатын ауылішілік жолды жөндеу Жайықтағы карьер ашылған бойда жұмыс басталмақшы. Аудан басшысы мұнда да мердігер компания жетекшілеріне жол құрылысын барынша жедел де сапалы етіп жүргізуді міндеттеді.

 

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале