Жер комиссиясының әрбір отырысын ютубтағы «Жер комиссиясы Бәйтерек» парақшасынан қарауға болады. Яғни тұрақты түрде тікелей трансляция жүргізіліп отырады. Артынан ол дискіге көшіліп, комиссияның хаттамалық шешіміне тіркеледі.

Бұл туралы аудан әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комиссия отырысында айтылды. Аудан әкімі Марат Тоқжановтың төрағалығымен болған жиында төрт мәселе қаралды. Біріншісі, жер учасклерін беру және бөлу кезінде ҚР Жер кодексі талаптарының сақталуы және көрсетілетін мемқызметтерге арналды. Осы мәселеге байланысты баяндама жасаған аудндық жер қатынастары бөлімінің басшысы Александр Полежаевтың сөзіне қарағанда, нысаналы мақсатына қарай жер учаскелерін беру жер заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Жер учаскелерiн меншiкке немесе жер пайдалануға берудi ауылдық округтердiң әкiмдерi кодексте белгiленген өздерінің құзыретi шегiнде жүзеге асырады. Жер учаскесін беру туралы шешім жер комиссиясының оң қорытындысы және жерге орналастыру жобасы негізінде қабылданады. Аталмыш бөлімімен бүгінгі таңда 10 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Ағымдағы жылдың тоғыз айында көрсетілген мемқызмет саны 2560-қа жетті.
Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау шаралары туралы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бағдат Халденов баяндады. Оның сөзіне қарағанда, аудан бойынша мүгедектігі бар адамдар саны 1834, олардың 227-сі І топ, 667-сі ІІ топтағылар, қалғаны үшінші топта. Оларды әлеуметтік тұрғындан қолдау, қоғамда еркін өмір сүруіне тең мүмкіндіктер жасау мақсатында қажет іс-шаралар алынуда. Мәселен, жыл басынан бері 13 мүгедектігі бар жан ымдау тілі маманымен, бір адам жеке көмекші қызметімен, 540-ы міндетті гигеналық құралдармен, 71-і кресло-арбамен, 165-і протездік-ортопедиялық көмекпен, 212-сі тифло-сурдотехникалық құралмен, 109 адам санаторий-курорттық емделумен қамтылған. Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға инватакси қызмет көрсетеді.

Комиссия төрағасы алынатын заттардың сапасы, осы бағытта түсіп жатқан арыз-шағым бар ма деп сұрады.
- Қазіргі таңда мүгедектігі бар жандар электрондық-сандық қолтаба (ЭЦП) арқылы порталға кіріп, өздеріне қажет нәрселерін, құрал-жабдықтарды өздері таңдап алады. Порталда төрт-бес мердігер түрлі сападағы өнімдерді ұсынады. Қаржылық, әлеуметтік жағдайына байланысты әркім өзіне қажетті деп тапқаны таңдайды. Оған біз араласпаймыз. Жалпы бұл бағытта арыз-шағым түскен жоқ. Тек өздерінің кінәсінен бір дерек орын алды. Мичурин ауылында тұратын бір мүгедектігі бар жанның орнына анасы тапсырыс бергенде байқамай памперстің размерін өзгертіп жіберген. Соған орай біз мердігермен сөйлесіп, олар памперсті алмастырып алды,- деді Бағдат Бейбітұлы.
Жиын барысында сондай-ақ аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жәнібек Аманғалиев пен аудандық мемлекеттік сатып алулар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлнар Кенжеғұлова баяндама жасады.
Қуаныш Қали
Бәйтерек ауданы