13.06.2025, 11:15
Оқылды: 194

Бәйтерек ауданында құрылыс жұмыстары қарқынды 

Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов Дариян, Достық, Макаров ауылдық округтерінде болып, бірқатар маңызды нысандардың құрылыс жұмыстарымен танысты.

IMG_20250611_145207_303

Аудан басшысы жұмыс сапары Дариян ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жобасымен танысудан бастады. Марат Лұқпанұлы құрылыс жұмыстарының нақты кестеге сай жүргізілуіне, сапа талаптары мен қауіпсіздік шараларының толық сақталуына ерекше назар аударды. ҚПО б.в. компаниясы қаржысына салынып жатқан кешеннің жобасына сәйкес, ғимарат екі қабаттан тұрады. Мұнда келешекте ауыл тұрғындары бірнеше спорт түрімен айналыса алатын кең әрі заманауи залдар жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, 150 көрерменге арналған трибунасы бар. Бұл кешен ел-жұрттың, соның ішінде жастарының дене шынықтырумен айналысуына, салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік бермек. Кешенді биылғы жылдың қазан айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

IMG_20250611_145126_786

Келесі нысан – Достық ауылындағы «Жайлы мектеп» құрылысы болды. Ұлттық пилоттық жоба аясында салынып жатқан жаңа білім ұясы 1200 оқушыға арналған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Аудан әкімі мұнда да құрылыс стандарттарының қатаң сақталуын тапсырды. Сондай-ақ нысанның белгіленген мерзімде пайдалануға берілуі тиіс екенін атап өтті. Жаңа мектепте балалардың сапалы білім алуына барынша жағдай жасалмақ. Оқу сыныптарынан бөлек, кітап оқуға арналған кеңістіктер, шығармашылықпен айналысуға және демалуға арналған бөлмелер де қарастырылған.

IMG_20250611_145159_169

Ал Достық ауылындағы мәдениет үйі құрылысының басталғанына екі ай уақыт болған. Қазір оның құрылысы қарқынды жүруде. Нысанға су тартылып, газ келген. Жергілікті тұрғындардан 5 адам жұмысқа тартылған. Бұл ғимаратты қыркүйек айында табыстау жоспарланып отыр.

IMG_20250611_162617_635

Содан соң Марат Тоқжанов Достық ауылдық окрігіне қарасты Чувашин, Макаров ауылдық округінің Садовый және Жалын ауылдарындағы су құбырлары тарту жұмыстарын да қарап, жұмыс барысындағы іркілістерді сынға алды. Гидронысандардың уақтылы тапсырылуын әрі тіршілік нәрінің әр үйге сапалы, таза жеткізілуін тікелей бақылауында ұстайтынын айтты. Сонымен қатар жауапты сала мамандарымен бірге құрылыстағы техникалық ақауларды анықтап, шұғыл жөндеуді міндеттеді.

 

IMG_20250611_162554_359

Айта кету керек, бұл жерлерде су деңгейін биікке көтеретін модульдік сорғы станциясы, сондай-ақ бір дана су тазарту модульдік станциясыларын орнату көзделген. Қазіргі күні мердігер компаниялар бекітілген жоспарға сәйкес жер қазу және құбырларды орнату жұмыстарын жүргізуде. Жыл соңына дейін бұл су құбырларын тарту жұмыстары аяқталып, ауыл тұрғындары таза ауыз сумен қамтылмақшы.

Салтанат Серікбайқызы,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале