Наурызнама онкүндігі аясында Бәйтерек ауданы көлемінде ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған тағылымды әрі ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылуда. Солардың бірі – Ұлттық спорт күніне орай өткізілген асық ойыны. Оны бір мезетте 1 мың бала ойнады.

«Бәйтерек» спорт клубы, аудандық білім бөлімі және аудандық жастар ресурстық орталығы бірлесіп ұйымдастырған бұл ойын бірнеше білім ұясында бір уақытта өтті. Атап айтқанда, Дарияндағы Абай атындағы мектеп-гимназия-интернатының, Щаповтағы Б.Момышұлы, Байқоныстағы Қ.Мырза Әлі атындағы, Достық жалпы білім беретін орта мектептерінің, Белес МББК-ның оқушылары ұлттық ойынның көркін қыздырды.

Сөйтіп, әр білім ұясынан шамамен 150-170 оқушы қатысып, жалпы саны мыңға жуық бала асық ойнады. Ұл балалар арасында «Ханталапай» ойыны болса, қыз балалар «Бес асық» ойынында бақ сынады. Осылайша ұлттық ойындар арқылы жас ұрпақ ептілікке, дәлдікке, шапшаңдыққа және ұйымшылдыққа тәрбиеленуде.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның басты мақсаты – балалардың бойына ұлттық рух сіңіру, қазақтың дәстүрлі ойындарын кеңінен насихаттау және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру. Шынында да, асық ойнаған әр бала ұлттық мұраның мәнін терең сезініп, салт-дәстүрге деген құрметін арттыра түсті.
Саида Жайық
Бәйтерек ауданы