Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және қайырымдылық айлығына орай аудан орталығында «Ризашылық» өнерлі жандар клубы ашылды.
Аудандық мәдени-демалыс орталығы, аудандық мәдениет үйі және «Шың» сазды драма театрының ұйымдастыруымен ашылған клуб мүмкіндігі шектеулі, талантты жандарға арналған. Аталмыш клубты ашудағы басты мақсат мүмкіндігі шектеулі талантты жандардың өмірге ынтасын арттырып, оларға қолдау көрсету, өнерлерін шыңдап, шығармашылық тұрғыда дамуға және ерекше жандарды бір ортаға біріктіріп, достығын нығайтып, мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамға бейімделуін жеделдету, оларға қуаныш сыйлап, мақсаттарына жетуге жәрдемдесу болып табылатынын айтады ұйымдастырушылар.
Енді ғана ашыған клуб лентасын өнерлі де белсенді жан – көшімдік Бисенғали Әлжанов пен Белестен келген бүлдіршін Ідіріс Әділгерей қиды.
Кейін қонақтар дөңгелек үстел басына жиналып, ой бөлісіп, пікір алмасты. Бір-бірін жақыннан танып, үнемі байланыста болу үшін әлеуметтік желіде ортақ топ құрды. Ұйымдастырушылар клубтың мақсаты мен міндеттеріне тоқталып, атқарылар істерге шолу жасады.
Жиналған меймандар өздерінің арасында клуб төрағасын таңдап, бұл лауазымға күміс көмей әнші – белестік Назерке Өтегалиеваны лайық деп тапты. Қасына көмекші болар бес белсендіні де белгіледі. Олардың ішінде көшімдік Бисенғали Әлжанов пен Наталья Щербакова, Достықтан келген Ержан Есмағамбетов, раздольныйлық Геннадий Дьяконов пен дарияндық Рустам Кукаевтар бар.
Одан соң келушілер мерекелік дастарханға жиналды. Салтанатты кеште сөз сөйлеген облыстық «Арба» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлмира Батпанқұлова барша жиналғандарды клубтың ашылуымен құттықтап, алдағы жұмыстарға сәттілік тіледі.
Құрамында он тоғыз мүшесі бар «Ризашылық» клубы кеш барысында қолөнер шеберлері мен суретшілер қолынан шыққан туындыларды тамашалап, өзара өнерлерін көрсетіп, әуезді ән мен күмбірлеген күй төкті.
Назерке Сыйлыбаева,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz