7.07.2024, 12:08
Оқылды: 158

 Бәйтерек ауданында үш ауылдық округ әкімін сайлау өтуде

Бәйтерек ауданында үш ауылдық округ әкімін сайлау өтіп жатыр. 

Дариян, Рубежин, Құрманғазы ауылдық округтарындағы 6 сайлау учаскесі таңғы сағат 6.00-де ашылды. Комиссия мүшелерінің қатысуымен сайлау жәшіктері тексеріліп, пломба салынып, мөрленді. Сондай-ақ сайлау бюллетеньдерін беруге жауапты комиссия мүшелері айқындалды.

0afe25eb-6c5c-4f3c-96aa-e4761bb2f6aa

Дауыс беруге алғашқы болып келгендердің қатарында «Бәйтерек ауданының құрметті азаматы», Дариян ауылдық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі Асылбек қажы Сұлтанғалиев те бар.

- Бүгін Дариян ауылы үшін тарихи сәт. Дариян ауылдық округінің  аудан аумағындағы рөлі зор. Өндірісі өркендеген мекен болған соң, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлесін қосып отыр. Сол себепті ауылдық округ әкімі маңызды тұлға болып табылады. Алдағы төрт жылда ауылдың тағдырын кімге сеніп тапсыратынымыз туралы көп ойландық, ақсақалдар болып өзара кеңестік. Әр кандидаттың сайлауалды жоспарын мұқият зерделеп, пікірсайыста болашақ істері туралы ойларын, көзқарастарын білдік. Бүгін лайық деп тапқан адамға дауысымды бердім. Ауылдастарым да осынау саяси науқанның мәнін түсініп, алғаш рет өз болашақтары үшін шешім қабылдауға үн қосуда. Тұрғындар сайлауға белсене қатысып, маңызды таңдауда қалыс қалмауы тиіс деп ойлаймын. Жалпы аға буын өкілдері осы сайлауда жеңіске жеткен үміткерді әрқашан қолдап, ауылды дамытуға бағытталған бастамаларын іске асыруға атсалысатын болады, - деді Асылбек қажы Сұлтанғалиев.

942321ee-9dac-4169-a4f8-79fcf362b494

Осы Дариянда сайлау учаскесіне бірінші рет бассұқан, алғаш дауыс берген жастардың бірі - Әсел Өтегенова. Таяуда ғана 18 жасқа толған ол №180 сайлау учаскесіне барып таңдауын жасаған. Оның ойынша, ауыл әкімі болып осы лауазымға лайық адам сайлануы керек. Өзі сондай үміткерге дауысын берген.

55dbdde6-c841-4c72-9e7a-d3bbf81ea854

Үш ауылдық округтегі сайлау үдерісін кандидаттардың сенім білдірген өкілдері мен партиялардан, түрлі қоғамдық бірлестіктерден келген байқаушылар қадағалауда.

Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметіне сәйкес, Дариян, Рубежин, Құрманғазы ауылдық округтарындағы сайлаушылардың жалпы саны 5478 адамды құрайды. Сағат 10:00-дегі көрсеткіш бойынша олардың 432-сі, яғни 7,0%-ы  дауыс беріп үлгерді.

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале