22.10.2020, 15:30
Оқылды: 47

"Бәйтерек ауданында жасалып жатқан жұмыс көңілімнен шықты"

Бәйтерек ауданына ҚР 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының іске асырылуын сыртқы талдау мен бағалаудың республикалық арнайы мониторингтік тобы басшысының орынбасары Рафаэль Гасанов келді.

2C292733-816D-499A-901D-88333098CB6A

Алдымен аудан орталығы Переметныйдағы мектептердің жайымен танысқан арнайы топ кейін аудан әкімдігіне келіп, атқарушы билік өкілдерімен кездесті.

85708E43-41AF-4E0B-AD7B-3ECF1E448B9A

-Елді аралап, білім беру, денсаулық сақтау салаларындағы қордаланған мәселерді анықтау және сыбайлас жемқорлықты болдырмау бағытында жұмыстанып келеміз. Аудан басшылығының Елбасы саясатын қолдайтындығы және жемқорлықты жоюға әркез көмек көрсетуге дайын екені қуантады. Мақсатымыз ел дамуын тежейтін кеселді жоюда бірлескен іс-қимыл жоспарын құрып, жергілікті басшылардың осы істі қалайша жүзеге асырып отырғандығымен танысу және тәжірибе алмасу. Әрине, барлық мәселені бірден шешу мүмкін емес. Бірақ бірлесе барлығын жеңе аламыз,- деді Р.Гасанов өз сөзінде.

A23DE38B-7D42-46D0-A37A-8D2F13716C53

Сонымен қатар Рафаэль Руфикұлы жемқорлық туралы заңға енгізілген өзгерістерге де тоқталды. Әсіресе сыбайлас жемқорлық бабы бойынша істі болған мемлекеттік қызметшілерге кешірілім берілмейтінін айтқан ол аудан басшылығына осы мәселені барлық қызметшілерге түсіндіру керектігін жеткізді.

Көтерілген мәселенің орынды екенін жеткізген аудан әкімі Марат Тоқжанов Бәйтеректегі мемлекеттік қызметшілердің нобайы жемқорлық жасауға бейім еместігін айтты.

-Қазақта "Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді" деген бар. Қателік жасап, мемлекеттік қызметкер абыройына кір келтірушілер де кездеседі. Бірақ әр жиын сайын қызметшілерге сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу керектігі айтылып отырады. Осы кезге дейін кеселді жоюға бағытталған шаралар да қолға алынды. Қазіргі жағдай көп жоспарды бұзғанымен, алдымызға қойылған мәселелерді шешу жолында аянбай еңбектенуге дайынбыз. Барлық міндеттерді адал да ашық орындайтын боламыз,-деді Марат Лұқпанұлы.

Кейін мониторингтік топ мүшелері аудан орталығындағы халыққа қызмет көрсету орталығына барды.

Тұрғындарға қызмет көрсетілуін, телеграмм-бот арқылы алдын ала жазылудың қалайша жүзеге асып отырғанын тексерген Рафаэль Руфикұлы кезекте отырған адамдармен де тілдесті.

-Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысы бір ізге қойылды. Қазіргі жағдайға қарамастан барымызша қызмет көрсетудеміз. Адам көп болмағандықтан тұрғындар санитарлық талаптарды сақтап кезекке тұруда. Ал тұрғыны көп Дариян ауылындағы орталықта броньдау қызметі іске қосылды,- деді орталық басшысының орынбасары Жанна Батырғалиева.

Кейін аудандық полиция бөліміне барған топ мүшелері құқық қорғаушылардың жұмысымен де танысты.

Ел азаматтары қиын жағдайға түскен кезде алдымен полицияға жүгінетінін айтқан Р.Гасанов аудандық полиция бөлімінің басшысы Сұлтан Шалдарбековке келген адамдардың көмек алуына ешқандай кедергі болмауы керектігін жеткізді.

-Қазіргі таңда полиция бөліміне көмек сұрай келген азаматтарға заңгерлік және басқа да көмектер көрсетіледі. Бұрын әр қызметкер өз кабинетінде қабылдаса, пандемия кезінде ол үшін арнайы бөлме қарастырылды,-деді С.Шалдарбеков.

Сондай-ақ ішкі істер бөлімінде Р.Гасанов бірнеше жыл бұрын ашылған полиция бөлімінің кіші жедел басқару орталығының жұмысымен де танысты. Полиция бөлімінің басшысы С.Шалдарбековтың айтуынша, осы орталықтың көмегімен қазіргі таңда біраз құқықбұзушылық анықталған, сондай-ақ бір ауыр қылмыс ашылған екен.

-Кіші жедел басқару орталығы осы кезге дейін өзінің қажет екенін көрсете алды. Алдағы уақытта полиция штатын ұлғайтып, басқару пунктіне қызметкер алсақ деген ойымыз бар, - деді С.Шалдарбеков.

Р.Гасанов көші-қон мәселесіне баса назар аудару керек екенін айтып, көші-қон мәселесімен айналысатын полиция қызметкерімен де тілдесті.

Кейін аудан орталығындағы Бәйтерек колледжіне барған мониторингтік топ мүшелері оқу орнының жай-күйімен танысып, онлайн форматта білім беруге көшкен колледждің оқу үрдісін қалайша ұйымдастырып отырғанын бағамдады.

-Елімізді аралап, мемлекеттік қызметтердің көрсетілуіне, онлайн сабақтардың өткізілуіне мониторинг жүргізіп отырмыз. Ең бастысы – ел тұрғындарының мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыру. Бәйтерек ауданында жасалып жатқан жұмыс көңілімнен шығады. Десе де, білім ошақтарының компьютерлерін жаңарту мәселері бар екен. Бірақ бұл жайттар алдағы уақытта шешіледі деген ойдамын. Сондай-ақ мектептерді аралау барысында да аздаған кемшіліктер болды. Білім ошақтарында тепловизорлар істен шыққанын көрдік. Дегенмен барлығы шешілетін сұрақтар,- деді сапар соңында Рафаэль Гасанов.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале