Бәйтерек ауданның әкімі Марат Тоқжанов Сұлукөл, Чиров, Достық ауылдарындағы бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылыс барысымен танысты.

Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Ғайса Арыстановтың айтуынша, қазіргі таңда әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үй құрылысы Чиров, Сұлукөл, Красноармейск, Шалғай, Егіндібұлақ округтерінде жүріп жатыр. Сұлукөл мен Чировта қос пәтерлі екі үй салынуда. Әр пәтердің аумағы 80 шаршы метрден кем түспеуі тиіс. Шілденің аяғында бұл баспаналарды табыстап, басқа округтерде маусым айында үй құрылысының екінші кезеңі қолға алынбақ. Әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үй құрылысына 1 млрдтан аса қаржы қарастырылған.

Сондай-ақ Сұлукөлде төрт жарым шақырымдық ауыл ішілік жол салынуда. Жол құрылысына 392 млн қаражат қарастырылған. Құрылыс барысымен танысқан аудан әкімі Марат Тоқжанов жауын-шашын сынды табиғи қолайсыздықтан басқа күндері істе іркіліс туындамауын міндеттеді.

Чировтағы су қоймасында бөгетті қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүруде. Бұл жұмыстарға 250 миллиондай қаражат жұмсалған. Бөгетті биыл күзде аяқтау көзделіп отыр. Қазіргі таңда 50 пайыздай іс біткен. Бұл гидронысан көктем кезінде Быковка өзенінің суы арнасынан көтерілгенде ауылды су басу қаупінен сақтап, қосалқы мұзды ұстап қалу жабдықтарымен де жасақталуда.

Достық ауылындағы құрылысы жүріп жатқан жайлы мектепте балалардың сапалы білім алып, уақытты тиімді пайдалана отырып тынығуына бар жағдай қарастырылған.

Білім ордасында заманауи кітапхана, шығармашылық студиялар, душ кабиналарымен жабдықталған екі (үлкен әрі шағын) спорт зал, қоңырау уақытындағы жайлы демалыс орындары болады.

Хоккей алаңы салынуда. Әр сынып қарапайым және интерактивті қос тақтамен жабдықталады. Құрылыстың күні бүгін 70 пайызы аяқталып тұр. 1200 оқушыға арналған жаңа мектепті тамыз айында толық тапсыруды жоспарлап отырмыз,- дейді «АЛТИМ» құрылыс фирмасының жоба жетекшісі Ғалымжан Мушаев. Жоба тапсырыс берушісі – «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы.

Ал Достық ауылындағы мәдениет үйі құрылысының басталғанына бір ай уақыт болған. Қазір оның іргетасы қаланып, су тартылып, газ келген. Жергілікті тұрғындардан 5 адам жұмысқа тартылған. Қыркүйек айында табыстау жоспарланған.
Құрылыс нысандары қарқынын бағамдаған аудан әкімі Марат Тоқжанов материалмен толық қамтылуына мән беріп, жұмыс сапасы мен уақтылы табысталуын тікелей назарда ұстайтынын айтты.
Гүлім Орда,
Бәйтерек ауданы