26.08.2024, 18:00
Оқылды: 180

Бәйтеректе 1 137 шетел азаматы еңбек етеді

5 шілде күні Мемлекет басшысы «Адам саудасына қарсы күрес туралы» ҚР Заңына қол қойды. Заңда құл еңбегін қанау, жыныстық тиіспеушілік, қайыршылық, адамдарды қарулы топқа пайдалану, еріксіз неке, ағзаларды саудалау, асырап алу желеуімен нәрестені шетелге сатуға жол бермеу сынды азаматтардың құқықтарын жүзеге асыру көзделген.

402C4609-F721-450F-B758-27D51010D671

Аталмыш заңды шетел азаматтарын жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлік және шаруашылық иелеріне түсіндіру, сондай-ақ адам саудасы, есірткі, алаяқтық қылмыстардың алдын алу мақсатында Бәйтерек аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша «адам, есірткі саудасының алдын алу мақсатындағы іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу» жобасы шеңберінде аудан әкімдігі, аудандық прокуратура, полиция, ҰҚК жедел уәкілі, «Яңарыш» ҚБ және жергілікті БАҚ өкілдерінің қатысуымен шалғай ауылдардағы шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлік нысандарына 22-23 шілде күндері рейд жұмысы жүргізілді.

Қауіпті індет нашақорлықтан сақтандыру мақсатында Переметный және Дариян ауылдық округтерінде «Қаптаманы салғаның, өз өміріңе балта шапқаның» атты баннерлер ілінді.

02428FDF-BB3D-467C-A0D3-C190541F22FE

Адам саудасымен күрес, есірткі заттарын сатудың алдын алу және «Алаяқтардан сақ болыңыз!» тақырыбында аталған мәселемен бетпе-бет келген азаматтар хабарласа алатын жедел желі телефондары, құқық қорғау құрылымдарының мекенжайы көрсетілген 1 000 дана брошюра таратылды.

Аудандық көші-қон полициясының мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда Бәйтерек ауданы бойынша 1 137 шетел азаматы жұмысқа тартылған. Оның ішінде Приурал аумағында 756, Переметный бағытындағы ауылдарда 381 адам тіркелген. Іс-шара барысында егін шаруашылығымен айналысатын «Урожай», «Артур», «Кужаев», «Погодаев», «Жаңа әлем» шаруа қожалықтары мен Асан ауылында тасқыннан зардап шеккендерге арналған үй құрылысын жүргізіп жатқан «Уразбаева» жеке кәсіпкерлігі тексеріліп, жұмысшылардың еңбегіне сай уақтылы жалақы алуы, тұрғын үй, тамақпен қамтамасыз етілуі, тәуліктегі жұмыс уақытының сақталуы және құжаттары тексерілді.

Шетел азаматтарының құжаттарынан заңбұзушылық анықталмады. Олардың тарапынан жұмыс берушілерге шағым түспеді. Маусымдық жұмыстардағы ай сайынғы айлықтары 400-500 долларды құрайды. Жұмыс күні 8 сағаттан аспайтынын айтады.

Айту керек, шетел азаматтарының мүддесі ҚР «Халықтың көші-қон туралы» Заңымен және еңбек құқықтары ҚР «Еңбек кодексімен» реттеледі.

Сондай-ақ егер аталған деректерге қатысты заңсыздықтар тіркелсе полиция және миграция қызметі заң аясында шұғыл шара қабылдап, қылмыстық кодекстің адам еңбегін заңсыз қолдану бабы бойынша тергеу амалдарын жүргізеді.  

Аудандағы шетелдік азаматтар шаруа қожалықтарындағы маусымдық жұмыстар мен құрылыс саласына көптеп тартылған. ҰҚК қызметкерлері шетел азаматтарының қандай дін ұстанатыны, оның айналасына әсері бағытында жұмыстар жүретінін, ҚР ҚК 174 бабы (ұлттық, әлеуметтік, рулық, діни, нәсілдік алауыздықты қоздыру) және 258 бабы (террористік немесе экстремистік қызметті қаржыландыру) бойынша профилактика өткізілгенін айтады.

Рейд барысында шетел азаматтарының құжатын тексерген миграция қызметінің инспекторы, оларға егер жұмыс беруші тарапынан қандайда бір заңсыздық анықталса, полиция бөліміне немесе прокуратураға, сондай-ақ қолдарындағы жедел желі телефонына хабарласып, әркез құқықтарын қорғай алатынын түсіндірді.

Сондай-ақ шетел азаматтарынан ҚР территориясында жұмыс істегенде заңнаманы сақтап, құжат рәсімдегенде, еңбек шартына тұрғанда құқықтық сауаттылық танытуы талап етілетінін жеткізді.

Гүлім Орда

Бәйтерек ауданы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале