10.12.2024, 17:00
Оқылды: 292

Бәйтеректе абыз ақсақал тәуелсіздікке тілек арнады

Өмір жолы өнегеге толы тұлғалармен жүздесу – ұрпаққа тағылым, келешекке тарих. Бүгінде тоқсанның төріне озған бәйтеректік сондай абыройлы азаматтың бірі Отар Нәбиевтің балалық шағын соғыс жалмаған, қызметтік жолы қазақ жастарының кеудесін намыс кернеп, алаңға шыққан Желтоқсан оқиғасымен тұспа-тұс келген.

c0b7a75c-dca7-49ad-95ef-e74d460585f5

Тәуелсіздік таңы атқанында елмен бірге көріп, қуана қабылдап, аяққа тұру кезеңінде аябай еңбек еткен. Айтары мол, ойы анық, тоқсан түгілі жүзге де жадырап жетерлік қалпын сақтап қалған Отар ағамен жүздесудің сәті түсті.

Отар Бақтыгерейұлы 1934 жылы 6 қарашада Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданында дүниеге келген. Әкесі Нәби мен анасы Зиба қарапайым колхозшылар болған. Кейіпкеріміз 1952 жылы Орал қаласындағы Пушкин атындағы педагогикалық институттың физика-математика факультетіне оқуға түсіп, оны 1957 жылы тәмамдаған соң ұстаздық қызметке кірісті.

Алғашқы еңбек жолын Қостанай облысында бастады, кейін әкесінің қайтыс болуына байланысты Казталов ауданына ауысып, түрлі мектептерде мұғалім, директор, ауылдық кеңес төрағасы және әкім қызметтерін атқарды.

Отар Бақтыгерейұлы «КСРО-ның халық ағарту ісінің үздігі» атағына ие болып, бірнеше мектепті басқарып, сапалы білім мен тәрбиенің негізін қалады. Әрбір қызметте адалдық пен халыққа қызмет етуді басты ұстаным етті. 1997 жылы құрметті демалысқа шыққанымен, қоғамдық жұмыстардан шет қалмады. Жастармен жұмыс істеп, қоғамдық кеңестердің жұмысына белсенді араласты.

2022 жылға дейін ауылдық округ әкімінің кеңесшісі ретінде қызмет етті. 90 жас мерейтойы аудан көлемінде кеңінен атап өтілді.

Отар Нәбиевтің айтуынша, қандай қызметте болса да, адал қызмет етіп, халық сенімін ақтауды басты мақсат тұтқан. Еңбек ардагері желтоқсан оқиғасы, «Алматыда қазақ жастары алаңға шыққаны туралы суық хабарды ауыр қабылдағанын айтып, бүгінгі ел Тәуелсіздіктің құнын ұмытпау керек дейді.

– Жүрекке салмақ салды ғой. 1986 жылдың желтоқсаны... Қазақ жастарының ұлт болашағы үшін жанын шүберекке түйіп, Алматы көшелерінде тәуелсіздік үшін күрескен сәті. Бұл – біздің тарихымыздағы бетбұрысты кезеңдердің бірі. Ол кезде жасым 52-де болатын. Көтеріліс туралы естігенде, көкірегімде өрімдей ұл-қыздарымыз үшін үрей пайда болды. Иә, сол кездегі қазақ жастарының батыл қадамы, өз алдына дербес ел болуға ұмтылысы – ерлік. Алайда ата-ана, ел, күллі қазақ үшін ауыр тигені рас. Ол уақытта бұл қозғалысты басқаша сипаттап, оларға негізсіз айып тағылды. «Тәртіп бұзушылар», «маскүнемдер» немесе «нашақорлар» деп атады. Қайрат Рысқұлбеков сияқты жігерлі азаматтар сотталып, өлім жазасына кесілді. Бірақ біз бұл жастардың шынайы ниетін білдік – олар елдің болашағы үшін, бостандық үшін жанын құрбан етті.1991 жылы тәуелсіздік алғанымызда, сол армандар ақиқатқа айналды. Мемлекетіміздің өз шекарасы, өз үкіметі, өз рәміздері бекітілді. Тәуелсіздік алғаннан кейінде, әрине, қиындықтар аз болған жоқ. Экономика әлсіреді, қаржы тапшылығы сезілді. Кеңес Одағы кезінде қалыптасқан жүйеден шығып, өз жолымызды іздедік. Мемлекеттік рәміздерді бекіту, ұлттық валютаны енгізу, халықтың тұрмысын қалпына келтіру – осының бәрі қажырлы еңбекті талап етті. Қандай қиындық сезілсе де Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары халықтың бойындағы үміт оты ерекше жанды. Біз «өз билігіміз өзімізде, енді еркін ел боламыз» деп қуанышқа кенелдік.

– Жалпы тәуелсіздік ұғымының аясы кең, астары терең ғой. Бұл сөздің мән-мағынасына көз жүгіртер болсақ, сан алуан ойға жетелейтіні хақ. Ең алдымен, тәуелсіздік дегенде жұмыр басты пенденің санасына қайсарлық пен жанкештілік ұғымы қатар келеді. Бұның да өзіндік терең де тұнық сыры бар. Мына шеті мен шегі алпауыт жер шарының үлкен кеңістігін мекендеген қазақ халқының маңдайына біткен тағдырында тауқыметті де көрді, қуанышты да сезінді. Тауқыметі – тарих бедеріндегі жолыққан сан қилы үркіншіліктер. Қуанышы – осы алапат кезеңдерде өз рухының жерге жығылмауы.

Тілегім – Тәуелсіздігіміз тұғырлы, болашағымыз баянды болғай!, - дейді тоқсанның төріне озған абыз ақсақал.

Гүлім Орда

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале