4.11.2024, 15:30
Оқылды: 166

Бәйтеректе антикоррупциялық мобильді топ тұрғындарға құқықтық көмек көрсетті

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ Дариян, Достық ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, тегін құқықтық кеңес берді. Аталған топ құрамында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің БҚО бойынша департаменті превенция басқармасының басшысы Біржан Хайруллин, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Александр Полежаев, Бәйтерек ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Алтай Молдағалиев, Бәйтерек ауданының білім беру бөлімінің басшысы Айнагуль Баянова, Бәйтерек ауданы ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Лауаз Уалиев, Бәйтерек ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Султан Хайрушев және жеке сот орындаушысы Асқар Самарханов болды.

мониторинг (2)

Көшпелі кеңес беру алаңында мобильді топ өкілдері мен аудандық мекеме және кәсіпорын қызметкерлері ауыл тұрғындарын қабылдап, толғандырып жүрген өзекті мәселелер бойынша құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Өтініш, шағым және талап-тілектерін тыңдап,көкейлерінде жүрген сауалдарына заң аясында жауап берді.

Солардың бірі – Дариян ауылының тұрғыны Динара Даумова. Ол сот орындаушысынан төлем қабілеттілігі төмен тұлғалар несиеге қалай банкроттық жариялай алатынын және мерзімі кешіктірілген несие кезінде банк пен коллекторлық ұйымдар тарапынан борышкерге сотпен өндіреміз деп қысым көрсетудің қаншалықты заңды екенін анықтады.

Ал Достық ауылының тұрғыны, жоғары білімді бастауыш сынып мұғалімі Ботагөз Телманова қабылдауға 5 жыл қатарынан жұмыссыз жүргенін айтып, жүгінді. Оған білім бөлімі басшысы Жайық, Камен, Макаров мектептерінде декреттік бос орындар барын мәлімдеп, білім сапасына қатысты сынақ тапсырып, орналасуға кеңес берді. Сондай-ақ келушілер баспана дауы, алимент мәселесі,  жұмыспен қамту бойынша жүгініп, кеңес алды.

мониторинг (1)

- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы құрылған мобильді топ облысымызға қарасты аудандардың барлығына құқықтық көмек көрсетуде. Бәйтерек ауданы тұрғындары заңгерлік көмекке көбіне кезінде жердің дұрыс рәсімделмеуі, көршілермен жер бөлу кезіндегі даулар бойынша жолықты. Біз оларға бұл мәселелердің азаматтық құқықтық негізде екенін түсіндірдік. Және ол бойынша сот органдарына жүгінуге болғанымен, өзара татулықты сақтап медиациямен екі тараптың келісімге келу жолы туралы да айттық. Одан бөлек заңсыз қоқыс тастау мәселесіне қатысты келген тұрғындар қатары көп. Ол жөнінде полиция органдарына ақпарат жолдайтын боламыз. Олар тиісті әкімшілік шара қоданады. Алдағы күндері мобильді топ басқа аудандарда да қабылдау жүргізеді,- дейді Біржан Марданұлы.

Салтанат Серікбайқызы

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале