25.12.2024, 23:35
Оқылды: 417

Жаңақалада қос марқаның мерейтойы аталып өтті

Алғашқы шығарылымы «Социалистік еңбек» атауымен 1934 жылы жарық көрген сары басылым 1972 жылы Жаңақала ауданы қайта құрылған уақытта «Жаңарған өңір» боп өзгертіліп, жаңа атпен жарық көріп келеді. Небір марғасқа журналистер еңбек етіп, талай тілшілер «тарыдай боп кіріп, таудай болып» жетіліп шыққан қара шаңырақ бүгінде торқалы тоқсанның төріне жетті.

933eda11-ed4e-463a-818b-3ea7169e5722

«Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор» деп Алаш арысы Міржақып Дулатұлы айтқандай, ғасырға жуық мерзімде төл газетіміз тоқырауға да, толысуға да толы болып, бүгінде жұмысын тоқтатпай, өңір айнасына айналды. Газеттің тоқсан жылдығы мен жерлес ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Жаңақала ауданының құрметті азаматы Аманкелді Шахинның 70 жасы да тұспа-тұс келіп, қос қуаныш қатар тойланды. Осы орайда аудан әкімдігі мен «Жайық Пресс» ЖШС-нің қолдауымен бүгін «Жаңарған өңір – ғасырға жуық өмір» және «Қаламы қарымды қаламгер» атты мерейтой кеші өтті.

510c6867-b252-49ad-812e-abd069209f98

Ең алдымен газетіміздің сапалы да сәнді, уақытылы шығуына бір кездері өлшеусіз үлес қосқан жандардың бірі, 1972-1981 жылдары аудандық баспахананың меңгерушісі болған Ысқақ Жәрдемовтың өзі тұрған үйінде ескерткіш тақтаның ашылу рәсімі өтті.

a7359eef-4425-4892-953e-717e00738288

Шараға аудан әкімінің орынбасары Руслан Ғұмар, «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының орынбасары Нұрлыбек Рахманов, ардагер Табылғали Сатқалиұлы, Бөрлі аудандық «Бөрлі жаршысы-Бурлинские вести» газетінің директор-редакторы Дариға Нұрашева, Бәйтерек аудандық «Ауыл тынысы» газетінің басшысы Сәкен Әбілхалықов, Тасқала аудандық «Екпін» газетінің басшысы Назгүл Жәрдемова, Жәнібек аудандық «Шұғыла» газетінің басшысы Гүлзара Төреғалиева мен бір топ ел ағалары, Ысқақ Жәрдемұлының ұрпақтары мен бауырлары, әріптестері қатысып, тілектерін мен алғыстарын жолдады. Ескерткіш тақтаны ашу құрметі Қазақстанның құрметті журналисі, ардагер Еламан Әйпішев пен ортаншы ұлы, Ауған соғысының ардагері Берік Ысқақұлына ұсынылды. Мәдени шара аудандық мәдениет үйінде жалғасын тапты.

62a8bf51-8ec6-4eca-b49e-321079a8e2e7

Қонақтарға өнер мекенінің фойесінде келіндер ансамблі қашаннан бергі дәстүріміз бойынша ақ ұсынып, халықтық «Айзере» әжелер ансамблі шашуларын шашып, қарсы алды. Аудандық кітапхана ұжымы «Жаңарған өңір – жаңалықтар жаршысы», «Қаламы қарымды қаламгер» кітап көрмелерін жасақтап, балалар кітапханашысы Салтанат Серікова жетекшілік ететін кішкентай бүлдіршіндеріміз мерейтой иесінің өлеңдерін оқып, ақын, жазушы аға-апаларынан қолтаңба алды. Қали Жантілеуов атындағы балалар музыка мектебінің ұстаздары домбыраның шанағынан күмбірлете күй төккен соң ақын, жазушы, «Парасат» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Дариға Мұштанова мен Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, ақын, ауданымыздың құрметті азаматы Закария Сисенғали Аманкелді Ғұбайдоллаұлының «Сөз сүлейі» атты кітабының тұсауын кескен соң, жиылған жұрт көрермен залына жайғасты.

abf2ca87-3447-4697-a255-8caf5bcacd40

Екі бөлімнен құрылған іс-шараның шымылдығы шежірелі газетіміздің өткені мен бүгіні баяндалған бейнешолумен ашылды. Одан соң сахна төріне аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев шақырылып, мерейтойлық құттықтауын жолдағаннан кейін өз кезеңінде газеттің ыстығына күйіп, суығына тоңып еңбек еткен ардагер журналистерді марапаттады. Және төл басылымымыздың бүгінгі дәрежеге жетуінде айтарлықтай үлестері бар, қазіргі таңда өзге салада қызмет атқарып жүрген бұрынғы редакторлар мен тілшілер, техникалық мамандар да залдың алдыңғы қатарынан орын алып, оларға да ілтипат көрсетілді. Келесі боп мінберге көтерілген Нұрлыбек Нұрланұлы «Жаңарған өңір» газетінің деңгейі бүгінгі таңда облыстық басылымдардың терезісімен тең екенін айтып өтіп, редакция ұжымына толағай табыс тіледі. Сонымен бірге газеттің таралымын көбейткен, оқырманы мол мекеме басшыларына алғысхат пен 50 мың теңгенің сертификатын табыс етті. Мұны газет оқуға құлықсыз, рухани жағынан жұтап жүрген жандарға үлгі деп білеміз. Дүбірлі тойға ауданымыздың құрметті азаматы, қоғам қайраткері Табылғали Сатқалиұлы, аудан редакциясына 20 жасында келіп, тілшіліктен басшылық лауазымға дейін көтеріліп, 1992-1993 жылы редактор болған Закария Жүсіпқалиұлы мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, мамандығы физика пәнінің мұғалімі бола тұра, құнарлы жырларымен халықты сусындатқан ақын, ауданымыздың құрметті азаматы, 2002-2018 жылдары газетке басшылық еткен Өмірзақ Ақбасов та ескірмес естеліктерімен бөлісіп, жүрекжарды лебіздерін арнады.

e77951e9-7c6c-4958-bfef-d6157ea84552
«Бір газетте мың адамның тағдыры баяндалады» деп, Табылғали Сатқалиұлы айтпақшы, халықтың мінбері саналатын, «өзі – бір күндік, сөзі – мың күндік болатын» газетіміздің ғұмыры ұзақ болғай!

Ақын Ғайсағали Сейтақтың өлең жолдарымен басталған шара Аманкелді Шахинның шығармашылығына арналды. Кеште ақынның жары Сара Көшәліқызына да құрмет көрсетіліп, экраннан мерейтой иесіне арналған бейнебаян көрермен назарына ұсынылды. Сазды бағдарламада мәдениет үйінің өнерпаздары мен аудандық кітапхана кітапханашылары және №3 жалпы орта білім беретін орта мектебінің оқушылары Аманкелді Шахинның сөзіне жазылған әндерді шырқап, өлеңдерін оқыды. Сондай-ақ ақынды №3 жалпы орта білім беретін орта мектебінің 2007 жылдан бері жұмыс жасап келе жатырған «Жас ұлан» балалар мен жасөсіпірмдер өзін-өзі басқару ұйымына мүшелікке қабылдау рәсімі өтті.

Аталмыш ұйымның құрамында Ақжайықтың ақ шағаласы атанған Ақұштап Бақтыгереева, Қайрат Жұмағалиев, Мұнайдар Балмолда секілді танымал тұлғалар бар. Кеш барысында Дариға Ғазезқызы көрерменге басын ие сәлем беріп, Жаңақала топырағында таңғы 5-те ойына оралған кеш иесіне өлең жолдарын арнады.

c02c5db0-89c9-44f8-a3f7-d43ccabd01d4
Әнмен әрленіп, күймен көмкерілген шарада Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Еламан Бәденұлы мен аудандық сот төрағасы Меңдіғали Жүсіпбергенұлы да қос қуанышқа ортақтасып, естелік сыйлық табыс етті.

e4a1db73-b8a4-4dde-bdd4-51230385cb72
Кеш соңында Алпамыс Жаңабайұлы Жаңақала жұртшылығының атынан мерейтой иесіне шапан кигізіп, ат мінгізді.

Айзада Ақбасова
Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале