Бәйтерек аудандық сотында пробациялық есепте тұрған азаматтың жазасын ауыстыруға қатысты ашық сот отырысы өтті. Сот барысында Р.С. есімді азаматтың пробациялық тәртіпті бірнеше рет бұзғаны анықталды.
Ол тұрғылықты мекенжайынан тыс жерге шығу, алкогольдік ішімдік тұтыну сияқты заңбұзушылықтарға жол берген. Осыған байланысты пробация қызметі оның жазасын ауыстыру туралы сотқа ұсыныс түсірген.
Р.С. есімді азамат 1986 жылы дүниеге келген. Ол 2022 жылдың 29 қарашасында ҚР ҚК 188-бабының 3-бөлігі, 3-тармағы (ұрлық) бойынша 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген. Алайда, пробациялық тәртіпті сақтамауына байланысты 2023 жылдың 6 сәуірінде оның жазасы 3 жыл 2 ай 22 күнге бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. 2024 жылдың 23 тамызында ол қайтадан пробациялық бақылауға алынды.
Пробация кезеңінде Р.С. үш рет тұрғылықты мекенжайында болмаған, бір рет қоғамдық орында ішімдік ішіп, аталған тұлғаға қатысты әкімшілік хаттама толтырылған.
- Сотта ісі қаралған Р.С. есімді азаматтың соңғы құқықбұзушылығы, яғни, көшеде масаң күйде болуын пробация қызметімен бірге анықтадық. ҚР ӘҚК 4-бабы бойынша біз оған түсіндірдік, ол кісі басында өзінің алкогольдік ішімдік ішкенін жоққа шығарды. Сол кезде полиция қызметкерлерін шақырып, медициналық куәландырудан өткізуге жібердік. Осының нәтижесінде аталған азаматтың қанында орта дәрежеде алкогольдік ішімдік бары анықталды. Одан кейін хаттама толтырылды. Кейін өзі мойындады. Салынған айыппұлды төледі. Айыппұлды төлеуі, тұлғаның кінәсін мойындауы болып есептеледі, -дейді аудандық прокуратураның аға прокуроры Зауырбек Бақдәулет.
Осы заңбұзушылықтарға байланысты пробация қызметі сотқа жазаны ауыстыру туралы ұсыныс енгізді. Сот пробация қызметінің ұсынысын қанағаттандырып, қалған 1 жыл 2 ай 25 күн мерзімді бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы шешім шығарды. Р.С. жазасын Батыс Қазақстан облысындағы №27 орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады.
Бәйтерек аудандық пробация қызметінің бастығы, әділет майоры Тельман Тукешовтың айтуынша, қазіргі таңда аудан бойынша 99 адам пробация есебінде тұр. Оның ішінде Переметный бағытындағы 5 азамат пробациялық тәртіпті бұзғаны үшін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылған. Пробация қызметі есепте тұрған азаматтарға электронды бақылау құрылғысын (электронды білезік) пайдаланады. Бұл құрылғы сотталған азаматтың қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Егер есептегі азамат түнгі сағат 22:00-ден таңғы 06:00-ге дейін тұрғылықты мекенжайында болмаса немесе белгіленген аймақтан тыс жерге шықса, пробация қызметіне хабарлама түседі. Сонымен қатар, жаза мерзімін өтеп жүрген тұлғаларға алкогольді ішімдіктер сатылатын орындарға баруға тыйым салынады.
- Пробация есебінде тұрған азаматтар жұмысқа орналастырылуы тиіс. Егер сотталған азаматтың тұрақты жұмысы болмаса, сот оған бір ай ішінде жұмысқа орналасуды міндеттейді. Ауданда сотталған азаматтарға арналған арнайы жұмыс орындарына квота бөлінген. Бір ай ішінде жұмыс таппаған жағдайда, есептегі азамат жылына 100 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылады. Бұл жұмыстар пробация қызметінің бақылауымен жүргізіледі,-дейді Зауырбек Бақдәулет.
Ашық сот отырысына аудан бойынша пробация есебінде тұрған басқа да тұлғалар қатысты. Ондағы мақсат – пробация тәртібін сақтамаудың салдары неге соқтыратынын түсіндіру. Айту керек, биыл ауданы бойынша заң тәртібін сақтамаған 8 тұлғаның жазасы бас бостандығынан айыруға алмастырылды.
Гүлім Орда
Бәйтерек ауданы