16 желтоқсан — Тәуелсіздік күніне орай Егіндібұлақ ауылында ұлттық ойын асық атудан ерлер арасында аудандық турнир өтті.
Іс-шараны Бәйтерек спорт клубы ұйымдастырды. Тартысты додада Атамекен, Зеленый, Макаров, Бейбітшілік, Егіндібұлақ және Сұлукөл ауылдық округтерінен келген мерген командалар бақ сынады. Мақсаты – төл ойынымызды төрге оздырып, ұрпаққа ұғындыру.
Жарыстың ашылу салтанаты Әнұранмен басталып, Егіндібұлақ ауылдық округінің әкімі Ринат Ескендіров қатысушыларға сәттілік тіледі.
Округ әкімі өз сөзінде турнирге демеушілік жасаған «Жайлау» шаруа қожалығының иесі Мейрам Абдрешовке, «Ислана» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Жасұлан Ділмағанбетовке және «Шалабаев» жеке кәсіпкерлігінің иесі Асхат Шалабаевқа алғысын білдірді.
Ұйымдастырушылар ойын ережесін түсіндіріп, қатысушылар ойын барысында дәлдік, мергендіктерін байқатты.
Қызықты әрі тартысты ойын нәтижесінде жеңімпаздар анықталды. Жарыс нәтижесінде үшінші орынды Зеленый ауылы командасы иеленсе, екінші орынды Бәйтерек спорт клубы еншіледі. Жүлделі бірінші орын Бейбітшілік ауылына бұйырды.
Ұлттық ойынды дәріптеуде жоғары шеберлік көрсеткен жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар, медальдар және ақшалай сыйлықтар табысталды.
Салтанат Шоқанқызы
Бәйтерек ауданы