Бәйтерек ауданы Мичурин ауылдық округіне қарасты Асан ауылдық мешіті жанынан қайырымдылық мекемесі ашылды. Жергілікті жамағаттың қолдауымен іске асқан мекеменің ашылуына Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазірет, БҚО дін істері басқармасының басшысы Мақсат Раманқұлов, ҚМДБ БҚО бойынша бас имамы Бақытжан Құралбайұлы, Асан ауылы мешітінің бас имамы Мұратбек Жахатов және ауыл тұрғындары қатысты.
-Егемендік алғалы елімізде көптеген мешіттер ашылып, азаматтарымызды имандылыққа, салауаттылыққа шақыратын орындар көбейді. Тіпті азан даусы естілмей қалған ауылдарда да Алла үйі салынды. Асан ауылында бой көтерген қайырымдылық мекемесі елдегі мұсылман үмметі үшін қайырлы болсын, - деді өз құттықтауында Наурызбай қажы Тағанұлы хазірет.
Кейін Бас мүфти жаңадан ашылған мекеме ұстазы Әлішер Ералиевке үй салуға, наиб имамдар Еркін Хайрулиев пен Ерболат Сексенбаевқа басқа да тұрмыстық-әлеуметтік қажеттіліктері үшін қаржылай қолдау сертификатын табыс етті.
Сондай-ақ мешіт жамағаты сал ауруымен ауыратын балаларға белгілі кәсіпкер Біржан Қожақов жасаған арнайы аппараттарды тарту етті. Кәсіп иесінің жомарттығына разы болған Бас мүфти Біржан Морякұлына тағы да 10 тірек аппаратын жасауға тапсырыс берді.
Жаңа мекеме директоры Мұратбек қажы елді имандылыққа шақыратын осындай орын салуды көп жылдан бері армандап жүргенін айтады.
-Өткен жылы құрылысы басталған мекеме биыл ел игілігіне берілді. Енді студенттер мен қиын жағдайға тап болған отбасы балаларының діни білімін арттыруды және қарилерді дайындау ісін қолға аламыз, - дейді Мұратбек қажы Жахатов.
Толығырақ облыстық "Орал өңірі" және Бәйтерек аудандық "Ауыл тынысы" газетінің алдағы санында.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz