Бәйтерек ауданы орталығындағы "Шың" сазды драма театрында «Қадыр – қазына» деген атаумен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы бірігіп ұйымдастырыған іс-шарада "Қазақтың Қадыры" атты деректі фильмінің таныстырылымы да болды.
- "Қадыр – қазына" жобасы былтырғы желтоқсан айынан бастап қолға алынды. Бір айдың ішінде ауқымды іс-шаралар ұйымдастырдық. Атап айтсақ, сазгерлер арасында "Бұлбұл бағы", көркем сөз оқитын оқушылар қатысқан "Ел қамы" және мобилографтар сынға түскен "Иірім" атты бейнероликтер байқауларын өткіздік. Биыл осы байқаулардың қатары толығып, концерттік сапарлар саны көбеюде. Солардың бірі – "Қадыр-қазына" жобасы. Жоба аясында аудандарды аралап ақын ағамыз туралы деректі фильмді көрсетіп, көрерменге айтысты да әсем әуенді де тарту етпекпіз, - дейді Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының директорының міндетін атқарушы Жамиға Бергенғалиқызы.
Осынау кешке арнайы келген ақынның қарындасы Күләш Мырзалиева ағасын ұмытпай түрлі іс-шаралар ұйымдастырып келе жатқан Қадыр орталығы ұжымына алғысын айтты.
"Қазақтың Қадыры" атты деректі фильмі әсерлі шыққан. Ондағы ҚР Жазушылар Одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, Темірхан Медетбек, Сейфолла Оспан секілді қаламгерлер, профессор Ғарифолла Әнес, театр тарланы Тұңғышбай Жаманқұлов сияқты азаматтар Қадыр ақын туралы ой-пікірлері де ерекше. Жалпы бұл фильмді аталмыш орталықтың тапсырысымен, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен “AQJAYIQ” телеарнасы түсірген. Оның тұсаукесері жыл басында, яғни 24 қаңтар күні Оралда Қадыр орталығында кесілді.
Содан соң жиналғандар айтыс өнерінен үзінді көрді. ҚР мәдениет саласының үздігі Айнабек Бисенғалиев пен республикалық, облыстық айтыстардың жүлдегері Орынбек Мендіқұл арасындағы айтысты та көпшілікті бір серпілтті. Кейін концерттік бағдарлама аясында Асланбек Қуаналиев, Рустам Хафизов, Алтынбек Базаров сынды Қадыр орталығының өнерпаздары жанды дауыста ән салды.
- Жыл басында тұсаукесері өткен деректі фильмнің бүгінде біздің аудан төрінде көрсетіліп жатырғанына қуаныштымын. Концерттік бағдарлама қойып, Қадыр атамызды ұмытпай, қайтадан әр жүрекке жеткізу үшін келген өнерпаздарымызға алғысым шексіз. Сонымен қатар деректі фильмді аудандарға қою жұмысын қолға алған орталық басшысы Серік Тоқмамбетовке де аудан атынан ерекше алғыс білдіреміз. Келер жылы ақынның 90 жылдығын бәйтеректіктер де кең көлемде тойламақшы,-деп кеш соңында сөз алған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының ұжымына ықылас гүлін табыс етті.
Салтанат Зұлқарнаева,
Бәйтерек ауданы