Бәйтерек аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің жас мамандары мен оқырман қауым ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан театрландырылған қойылым қойып, оны әлеуметтік желілер арқылы көпшілік назарына ұсынды.

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев шығармаларын кеңінен насихаттап, оның халқына қалдырған шоқтығы биік туындыларына деген сүйіспеншілікті, көп адамның поэзияға деген қызығушылығын ояту мақсатында сахналанған қойылым көрермен тарапынан жақсы бағаға ие болды.
Мұзбалақ ақын, қазақ поэзиясының Хан тәңірі атанған Мұқағали Мақатаевтың республика көлемінде аталып жатқан 90 жылдық мерейтойына арналған бейнекөрініс идеясының авторы Дариян модельді ауылдық балалар кітапханасының кітапханашысы Дәулет Мақсот екен. Ал рөлдерге келер болсақ әке рөлін аудандық кітапхана оқырманы Нүркен Карипулов, ананың рөлін аудандық кітапхана меңгерушісі Назерке Тастайбек тамаша сомдап шықты.

Оқырманымен қашан да тығыз байланыста жұмыстанатын кітапхана ұжымы аңшының рөліне тағы бір тұрақты оқырман Досымхан Қындыбаевты шақырыпты. Сондай-ақ көл бетінде қалқыған сұлу аққулардың бейнесін Әлия Имашева, Қарлығаш Жамиева, Ақнұр Қаратаева, Гүлмира Қонысбай сынды жас мамандар ойнап берді. Толықтай кітапхана ұжымы және оқырман күшімен сахналаған қойылымның сценарийін әдістемелік бөлім меңгерушісі Ақгүл Абдрахманова өңдесе, Зеленый ауылдық балалар кітапханасының оқырманы Алихан Кабдилманов оператор жұмысын, аудандық кітапхана оқырманы Нұрсұлтан Сақтай дыбыс әрлеуге қолғабыс жасаған.
Әлеуметтік желіге салынған бейнекөрініс астына оқырмандар өздерінің жылы пікірлерін қалдыруда. Бүгінде жас кітапханашылардың қойылымы жүздеген қаралым жинап үлгерді.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz