Елдегі жағдай көптеген спорт бәсекелерін үзді. Көктемнен бері онлайн түрде өткізуге болатын бәсекелер ғана болмаса, командалық спорт түрлерінен бірде-бір жарыс өтпеді.
Соңғы уақытта еліміздің бас санитар дәрігері далада жаттығулар өткізуге және командалардың жолдастық кездесу ұйымдастыруына рұқсат берді. Сондай-ақ футболдан Қазақстан Премьер лигасының ойындары да жанданды. Рұқсат барын ескерген Рубежка және Зеленый ауылының жастары Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығының құрметіне футболдан жолдастық кездесу өткізді.
Жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, ауылдар арасындағы достық қатынасты нығайту мақсатында ұйымдастырылған матч қызыққа толы болды.
Көптен алаңға шықпаған футболшылар әр шабуылды тиянақты аяқтап, әр доп үшін жан берісті. Өз көрермендері алдында намысқа басқан зеленыйлық аяқдопшылар есеп ашып, ойынның алғашқы жартысы жеңіспен аяқталды. Екінші таймда қорғанысқа көңіл бөліп, қарымта шабуылдарға иек артқан Зеленый ойыншылары қарқынға қарқын қосқан Рубежка футболшыларының шабуылын өткізіп алды. Есепті теңескен сәтте жергілікті жанкүйерлер өз ойыншыларын жеңіске жетелеп, қиқуға басты. Ауылдастар шуынан күш алса керек, қарсылас шабуылына әдемі тойтарыс бере алған зеленыйлық футболшылар ойын бітуіне бес минут қалғанда жеңіс голын соғып кетті.
Қорытынды есеп 2-1. Енді командалар қыркүйек айында Рубежка ауылында қарымта матч өткізуді жоспарлауда.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz