23.08.2021, 15:57
Оқылды: 37

Бәйтеректе маңызды шара өтті

2009 жылы БҰҰ қабылдаған декларацияға сәйкес 29 тамыз халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күн ретінде аталып өтіледі. Биыл Қазақстан Республикасындағы антиядролық қозғалысына 30 жыл толады. Осы датаға орай Бәйтерек ауданы Переметный ауылдық округіне қарасты Калинин, Қаражар және Болашақ елді мекен кітапханалары «Полигон үні мәңгі өшсін» атты кездесу кешін ұйымдастырды.

12 (1)

Кездесуге Бәйтерек және Тасқала аудандарының қорғаныс істер жөніндегі бөлім басшысының міндетін атқарушы Сағынгерей Мұхамбетов, Бәйтерек ауданының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Жеңісгүл Жаңабаева, Бәйтерек колледжінің директоры  Гүлжанар Ғилманова, Семей ядролық полигонында қызмет жасап, оның қаупін көзімен көрген Сергей Ляляев, Юрий Твердов, Сыйлыбай Кәрменов сияқты азаматтар қатысты.

20 (1)

Шара басында жиналғандарға Семей полигоны жайында шағын презентация көрсетіліп, кітапхана қорындағы «Қазақстан қарусыз тарих үшін» атты кітап көрмесі таныстырылды.

Кеш барысында елімізді улаған полигон қасіреті туралы сөз қозғалып, оның зардабын әлі күнге дейін тек Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем сезініп отырғандығы туралы айтылды.

15 (1)

- Полигонға аттанған кезде қайда және не үшін келгенімізді біліп тұрдық. Бірақ Отан алдындағы борышымызды өтеуге келген соң сұрақ қоюға құқымыз болмады. Бізден бөлек, еліміздің әр аймағынан келген солдаттар да болды. Қауіптің бар екені жайында айтудың өзі қауіпті еді. Аяқ асты жер сілкініп, айнала ала шаңға бөккен кезде не болғанын түсініп те, сезіп те отырдық. Бірақ шарасыз едік. Десе де көпшіліктің қолдауымен зұлмат жерлер жабылды. Қазір мемлекеттен медициналық қолдау алып отырмыз, сол үшін алғысымыз шексіз. Отбасымыз, балаларымыз бар, зейнеттеміз. Осы күнімізге тәубе дейміз. Алайда полигон зардабынан көз жұмған адамдардың бейнесі әлі көз алдымызда. Айтулы датаға орай елеп, ескеріп жатырғандарың үшін рахмет. Бұл еліміз үшін ғана емес, барша әлем үшін ұмытылмас жылдар болып қала бермек, - деді өзінің полигондағы қызметін еске алған ардагер Юрий Твердов.

Оның сөзін басқа қонақтар да жалғап «Полигон жабылды, енді еліміз оның зардабынан құтылсын» деген пікірлерін білдірді.

Кейін қорғаныс істер жөніндегі бөлім басшысының міндетін атқарушы Сағынгерей Мұхамбетов сөз алып, Семей ядролық полигонының тәжірибелік алаңдарында 456 сынақ жасалғанын, оның 116-ы ашық аспан астында өткенін атап өтті. Сондай-ақ ол полигон аймағында Бәйтерек және Тасқала аудандарынан 174 адам қызмет атқарғанын көрсетіп, қазіргі таңда олардың 25-і мемлекет тарапынан медициналық көмек пен зейнетақы алып отырғанын атап өтті.

- Аталмыш кездесуді ұйымдастырудағы басты мақсатаудан зиялы қауым өкілдері мен Семей полигоны куәгерлеріне бір-бірімен танысуға мүмкіндік беру, ел тарихында жазылмас жара қалдырған оқиғадан тағылым алып, кейінгі ұрпаққа ядролық қаруды пайдаланудың арты неге алып баратынын көрсету болды. Өйткені тарих болашақ құру үшін керек, - дейді Калинин ауылдық кітапханасының меңгерушісі Карима Бөкеева.

Тағылымды кеш соңында ұйымдастырушылар полигон куәгерлеріне естелік сыйлықтар табыс етіп, болашақта мұндай кездесулерді жиі өткізіп тұратындарын айтты.

 

Аружан Аманжол,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале