Жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауы соғылып, балалардың мектепке барар сәті де алыс емес. Жыл сайын бағасы шарықтай түсетін оқу-құралдары мен мектеп формасын сатып алуды баршаның қалтасы бірдей көтере бермейтіндігі рас.
Ал жаңа оқу жылына даярланып жатқан ата-аналар мен балалардың осынау қарбалас сәтінде азаматтық қоғам халыққа барынша қолдау көрсетіп жатыр. Оған дәлел – «Мектепке жол» акциясы. Он жылдан бері үзілмей келе жатқан қайырымдылық шарасы аясында биыл Бәйтеректе 172-ге жуық тұрмыс жағдайы төмен отбасыларда тәрбиеленіп жатырған бүлдіршінге әлеуметтік көмек көрсетіліп жатыр. Акция «Менiң таңдауым – балаларға көмек көрсету!» ұранымен өтедi.
– «Мектепке жол» акциясы бойынша арнайы жоспар жасақталып, әлеуметтік желілерге хабарламалар ілінді. Көмекті қажет ететін отбасылардан өтініштерді қабылдап жатырмыз. Жедел әрекет ету үшін білім беру ұйымында сенім телефондары қойылып, қоғамдық қабылдаулар үздіксіз жүргізілуде. Биыл әрбір білім алушыға берілетін материалдық көмектің ең төменгі мөлшері 43 407 теңгені құрайды. Ауданымызда 172 өтінім бойынша шілде-тамыз айларында балаларға 7 млн 466 мың теңге аударылды. Ауданымыздағы шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер 257 аз қамтылған отбасынан шыққан оқушыға 3 625 000 теңге көлемінде демеушілік көмек көрсетті. Олардың ішінде «Киргенев» шаруа қожалығы Зеленов, Егіндібұлақ, Ш.Уәлиханов І.Есенберлин атындағы мектептерге демеушілік көмек көрсетсе, «Мактуб» қайырымдылық қоры 34 оқушыға 597 мың теңге көлемінде рюкзак, оқу құралдары, кеңсе тауарларын сыйға тартты, - дейді аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Сәуле Мұқанова.
Салтанат Зұлқарнаева
Бәйтерек ауданы