3.07.2024, 16:45
Оқылды: 158

Бәйтеректе «Ойна, шырқа, оркестр» атауымен концерт өтті

Ойна, шырқа, оркестр! Осындай атаумен Бәйтерек ауданы төрінде өнер көрсеткен Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филормонияның Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі көрерменге әуезді кеш сыйлады.

087624C9-B2CF-47AA-A6B2-5263F69DF714

Концерттік бағдарлама Қазақстанның халық әртісі, мемлекетік сыйлықтың лауреаты, әнші-композитор Ғарифолла Құрманғалиевтің туғанына 115 жыл толуына арналды. Кеш жүргізушісі, ҚР «Мәдениет саласының үздігі» Дәулеткерей Құсайынов сахнадан төгілген ән мен күйдің тарихын халыққа таныстырып отырды.

Шара шымылдығы оркестрдің сүйемелдеуімен Құрманғазының күйі «Серпермен» ашылды. Оркестр дирижері – ҚР «Мәдениет саласының үздігі» Еркін Нұрымбетов.

– Бүгін Тасқала мен Бәйтерекке бағыт алғанда аттың үстінде келе жатқандай күй кештім. Өйткені мына жақта Құрманғазының «Адайы» тартылса,  екінші жағынан Н.Тілендиевтің «Махамбеті» төгіліп бойыма рух берді. Көкке көз салсам, Ғарекеңнің үні құс болып қалықтағандай, жерге көз салсам өзен тулап ағып жатқандай. Осындай күйді тек 75 өнерпаздың ішінде жүрсең ғана сезінесің. Шілденің шіліңгір ыстығында біздің ұсынысымызды қабыл алып, ниеттенген аудан әкімі Марат Тоқжановқа, орынбасары Ерлан Ғалиевке алғыс білдіремін. Алтын құрсақ ағайын, алтын уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге шексіз алғыс айтамын, - деді «Атамекен» өнер ордасының басшысы Бауыржан Халиолла.

Ал аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев өз кезегінде өнер ұжымына алғысын білдіріп, ықылас гүлін табыстады.

– Бүгін жұбайыммен аудан орталығына концерт тамашалауға арнайы келдік. Өнер деген керемет қой. Жанды дауыста оркестрдің сүйемелдеуімен орындалған туындылар жүрекке жетті. Ұйымдастырушыларға мың алғыс, - дейді Зеленый ауылының тұрғыны Балтабек Ділмағамбетов.

Салтанат Зұлқарнаева

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале