31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Бәйтерек аудандық орталық кітапханасының ұйымдастыруымен «Өткенге тағзым – келешекке аманат» атты конференция өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – қазақ халқының тарихындағы қаралы жылдарда солақай саясаттың құрбанына айналған ұлт зиялылары туралы кеңінен мағлұмат беру, олардың ерлікке толы өмір жолына құрметпен қарауға баулу, ұрпақ жадында сақталуына ықпал ету. Сонымен қатар қатысушылар сол дәуірдің қасіретіне бүгінгі тәуелсіз ұрпақ көзімен баға берді.

Конференция бір минуттық үнсіздікпен басталып, ұлт үшін жанын қиған боздақтар рухына тағзым етілді. Артынша кітапхана ұжымы дайындаған, қазақ зиялыларының келбеті мен зұлмат жылдардың азабын суреттейтін әсерлі бейнеролик көрсетілді.

– 31 мамыр – қазақ халқы үшін жүрекке салмақ салатын, ел тағдырындағы ең бір қайғылы кезеңді еске алатын күн. Кеңестік тоталитарлық жүйе қазақ ұлтын тұтас жоюды көздеген сұрқия саясат жүргізді. Кеңес өкіметі біздің елді тек шикізат көзі ретінде пайдаланып, ұлттық болмысымызды жоюды көздеді. Бірақ елдің ертеңін ойлаған Алаш зиялылары бұл зұлым саясатқа қарсы тұрды. Олар партия құрып, халықты оятуға күш салды. Алаш арыстарының мұрасы – бүгінгі тәуелсіздіктің негізі. Қазақтың маңдайына біткен Алаш арыстары – Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек сынды алыптарымыз халықты оятуды, елдігімізді сақтап қалуды армандады. Олар оқу-ағарту ісіне, тіл мен әдебиетке, ғылым мен саясатқа жанкешті қызмет етті. Бірақ дәл осы ұлтшыл рухтары, еркін ойлары, ел болашағы үшін күрескені үшін қуғындалып, жазықсыз жазаға тартылды. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан – сол арыстардың асқақ арманының жемісі. Сол себепті біз оларды ұмытпауымыз керек. Ұлтты ұлт ететін – оның тілі мен тарихы. Тілі жойылған халық – тамыры кесілген бәйтерекпен тең. Сол себепті қазақ бұл зиялылары мәңгілік рухани мұра қалдырды. Бізге олардан қалған ең үлкен аманат – ұлтқа қызмет ету, – деді жиынды ашқан аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев.
Конференцияда философия докторы, аға оқытушы Асхат Әмен «Тарихи жадымен келісу проблемасы» тақырыбында сөз сөйлеп, тарихи жараларды жасырмай, керісінше олармен ашық түрде жұмыс істеу қажеттігін айтты. Ол қоғамның сау әрі әділетті дамуы үшін тарихты ұмытпау, қуғын-сүргінге ұшырағандарға қатысты шындықты мойындау аса маңызды екенін жеткізді.

Ал, тарих ғылымының кандидаты Алтынай Жұрасова, «Ұмытылмас зұлмат: қуғын-сүргіннің ақтаңдақ беттері» тақырыбындағы баяндамасында қуғын-сүргін жылдарындағы деректер мен сол кезеңнің әлеуметтік-психологиялық зардаптарына терең тоқталды. Ол нақты архивтік мәліметтер мен деректерге сүйене отырып, қазақ зиялыларының қалай және не себепті қуғындалғанын ашып көрсетті. Ардагер-ұстаз, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәлік Өтешев болса, «Тарихтан тағылым – болашаққа бағдар» тақырыбында ұлт тарихынан алынар сабақтарға назар аударды. Ол қазіргі ұрпақтың елшіл, ұлтжанды, шыншыл болуы үшін өткенге көз жүгіртіп, тарихтан тағылым алуы керек екенін айтты.
Салтанат Серікбайқызы
Бәйтерек ауданы