23.08.2026, 13:20
Оқылды: 15

Бәйтеректе туған күні сайлаумен тұспа-тұс келген тұрғын дауыс берді

Бәйтерек ауданы, Янайкин ауылындағы №177 сайлау учаскесінде бүгінгі Құрылтайға дауыс беруге келген тұрғындардың қатарында ерекше күнді атап өтіп отырған жандар да бар. Саяси науқанмен тұспа-тұс келген 23 тамыз күні мұнда үш ауыл тұрғынының туған күніне сәйкес келіп отыр.

image-23-08-26-12-34

Солардың бірі – ауыл тұрғыны Любовь Федулеева. 76 жасқа толған мерейтой иесі түске жақын сайлау учаскесіне келіп, ел болашағына қатысты өз таңдауын жасады.

Өмірінің саналы бөлігін ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардақты ұстаз үшін туған күні мен ел өміріндегі маңызды саяси шараның бір күнге сәйкес келуі ерекше мәнге ие. Осыған орай мерейтой иесі жергілікті атқарушы органдар тарапынан туған күніне көңіл бөлініп, құрмет көрсетілгеніне ризашылығын білдірді.

– Бүгінгі таңдауымыз елдің жарқын болашағына бастайды деп сенемін. Өзім ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқардым. Сондықтан алдағы уақытта білім мен ғылымға айрықша көңіл бөлініп, осы салалардың дамуына басымдық берілсе екен деймін. Өйткені елдің ертеңі – жастар. Жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, олардың жүрегіне туған елге деген шексіз сүйіспеншілікті сіңіру – баршамыздың ортақ міндетіміз, – дейді Любовь Александровна.

76 жасқа келген кейіпкердің ел болашағына қатысты тілегі де көңілге қонымды. Ол бүгінгі құрылтайдан кейін халықтың әл-ауқаты артып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жаңа деңгейге көтеріліп, Қазақстанның озық мемлекеттер қатарынан көрінуін тілейтінін жеткізді.

image-23-08-26-12-34-3

– Бүгін сайлау учаскесіне келіп, азаматтық борышын өтеп жатқан тұрғындардың қарасы көбейіп келе жатқаны қуантады. Әр адамның өз таңдауын жасап, ел болашағына ортақ жауапкершілікпен қарауы – жүрекке жылы көрініс. Барша тұрғындарға амандық тілеймін. Бүгінгі таңдауларымыз жарқын күндерге жол ашсын, – деді ол.

Ғасырға жуық ғұмыр жолының бел ортасында ұстаздықтың ізін қалдырған Любовь Федулееваның бүгінгі таңдауы – ел болашағына деген сенімнің көрінісі. Ал туған күнінің құрылтаймен қатар келуі бұл күнді мерейтой иесі үшін де, ауыл тұрғындары үшін де есте қаларлық ерекше күнге айналдырып отыр.

 

Салтанат Шоқан

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале